Алматы қаласында шахматтан екі ірі халықаралық жарыс басталды. Олар – FIDE World University Team Chess Championship командалық әлем чемпионатының финалы және Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы халықаралық матч.
4–9 тамыз күндері өтетін студенттер арасындағы әлем чемпионатына дүниежүзінің 16 жетекші университетінің командалары қатысады. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж және Гарвард университеттерінің шахматшылары бар. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Almaty Management University командалары қорғайды.
Турнирдің ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл чемпионаттың спорттық бәсекеден бөлек, білім мен тәжірибе алмасуға, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
– Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының атынан келген үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат тек медаль үшін өтетін жарыс емес. Ол пікір алмасуға, білім бөлісуге, университеттер арасындағы байланысты нығайтуға және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға жол ашады, – деді Аида Балаева.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың білім беру жүйесіндегі маңызына тоқталып, елімізде шахматты оқу үдерісіне енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Қазіргі таңда бес педагогикалық жоғары оқу орнының 200-ден астам студенті «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алуда. Ал 31 жоғары оқу орнында шахмат біліміне қатысты пәндер қамтылған бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасы ашылды.
– Шахмат – жай ғана интеллектуалды ойын емес. Ол сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілікті және стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан шахмат білімін оқу үдерісіне кәсіби түрде енгізе алатын педагогтер даярлау аса маңызды. Бұл еліміздің адам капиталы мен интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, – деді министр.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов халықаралық турнирдің Алматыда өтуі еліміздің әлемдік шахмат қозғалысындағы беделін айғақтайтынын жеткізді.
– Тарихтан белгілі, шахмат Үндістанда пайда болып, Парсы елінде дамыды. Кейін сан түрлі сауда жолдары арқылы әлемге тарады. Сол жолдардың бірі Алматы тауларының бөктерінен өткен. Мың жарым жылдан кейін ойын өзі бастау алған тарихи тоғысқа қайта оралып отыр. Қазақстан мен Алматының осындай маңызды кезеңді қабылдауы еліміздің әлемдік шахматтағы орнын көрсетеді, – деді Тимур Турлов.
Ол студенттер шахматын дамыту федерацияның басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Себебі университеттерде қалыптасқан байланыстар кейін ғылым, білім және халықаралық бірлескен жобалар аясында жалғасуы мүмкін.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахим мегаполисте 236 мыңнан астам студент білім алып жатқанын айтты. Оның сөзінше, әлемнің әртүрлі елдерінен келген жастардың басын қосатын ірі чемпионаттың студенттер қаласы саналатын Алматыда өтуінің символдық мәні бар.
Қатысушылардың 1 тамыздағы орташа рейтингі бойынша Saint Louis University командасы 2577 рейтингтік көрсеткішпен көш бастап тұр. Одан кейін Ural State Mining University – 2514, University of Texas at Dallas – 2441 және Қазақ ұлттық спорт университеті – 2420 көрсеткіштерімен орналасқан.
Қазақстандық командалар құрамында елдің танымал жас шахматшылары өнер көрсетеді. Қазақ ұлттық спорт университетінің сапында гроссмейстер Қазыбек Нөгербек, халықаралық шеберлер Сәтбек Ахмединов, Арыстан Исанжулов және Меруерт Камалиденова бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Almaty Management University командалары да халықаралық тәжірибесі бар шахматшылардан жасақталған.
Сонымен қатар 4–5 тамыз күндері Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында халықаралық матч өтеді. Оған 8–18 жас аралығындағы шахматшылар қатысады. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында жеке өткізіліп, алдымен рапид, кейін блиц форматында жалғасады. Матчтың жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайды.
Халықаралық жарыстарды Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
Ірі халықаралық бәсекелер Қазақстанның шахматтағы жетістіктерін танытып қана қоймай, отандық жас спортшылардың әлемнің үздік шахматшыларымен тәжірибе алмасуына және халықаралық деңгейдегі бәсекеде шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді.

