181 мыңнан астам шарт жасалған: микроқаржы ұйымы қарыз алушыларға ақылы қызметті міндеттеген деген күдікке ілінді.
Қазақстанның 18 өңірінде жұмыс істеген «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымына қатысты азаматтарды жаппай алдау дерегі анықталды. Тергеу мәліметінше, ұйым клиенттерге микрокредит беру кезінде ақылы кеңес беру қызметін қосып, оның ақысын төлеуді міндетті шарт ретінде көрсеткен.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен жүргізген жұмыс нәтижесінде аталған әрекеттердің жолы кесілген.
Қарыз алушыға тиесілі ақшаның бір бөлігі қызмет ақысына кеткен.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тамызында микроқаржы ұйымы ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны берілетін қарыз сомасына қарай есептеліп, клиенттің негізгі берешегіне қосылған.
Азаматтарға бұл қызметтің ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтыны немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған. Ал қызметтен бас тартуға болатыны түсіндірілмеген. Осының салдарынан қарыз алушылар қолына алуға тиіс ақшадан аз соманы алғанымен, микрокредитті толық көлемде, сыйақысымен бірге қайтаруға міндеттелген. Қарызды өтеу мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі де қайта рәсімделіп отырған.
43 мың азаматқа қатысты 181 мыңнан астам шарт. Тергеу мәліметі бойынша, ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 43 мың азаматпен 181 мыңнан астам шарт жасалған. Бұл жағдай бір реттік әрекет емес, көптеген қарыз алушыны қамтыған жүйелі схема болуы мүмкін деген күдік туғызады.
Микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі өзге мәліметтердің Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.
Ескерту: тергеу аяқталып, соттың заңды күші бар үкімі шыққанға дейін күдіктілердің кінәсі дәлелденген деп есептелмейді.