«ҚОРҚЫТ АТА» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Онда «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарланған инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы талқыланды.

Биылғы 9 айда облыс экономикасына 581 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайыздық өсім қалыптасты. Жеке инвестиция үлесі 82 пайызға жетті.

Аймақ басшысы инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Әрбір инвестициялық жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан бірлескен жұмысты жеделдетіп, нәтижелі іске басымдық беруіміз қажет. Облыс әкімдігі барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын.
Жобаларды бастапқы кезеңнен өндіріс іске қосылып, өнім шығарғанға дейін қатаң бақылауда ұстау қажет. Әрбір инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіліп, туындаған мәселелер зерделеніп, заң аясында шешілуі тиіс.
Біздің басты мақсатымыз – инвестиция көлемін ұлғайту ғана емес, өңір экономикасының ұзақ мерзімді өсіміне негізделген сапалы жобаларды жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиында инвесторлардың құқықтарын қорғауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы инвестициялық омбудсмен, Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Нұрболат Дүйсенбаев баяндама жасады.

Сондай-ақ жоба бастамашылары ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Үкімет қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға салық преференциялары, 2049 жылға дейін дайын жер учаскелерін тегін пайдалану және кедендік баждардан босату жеңілдіктері қарастырылған.
Қазіргі таңда 200 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым тарту басталды. Бүгінде өңірге 6 инвестор өз жобаларын орналастыруды жоспарлап отыр.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ