Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар нысанды аралап, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы тұрғындар көптен күткен Бауыржан Момышұлы көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстарын тексерді. Ұзындығы 2100 метрді құрайтын бұл көше кенттегі негізгі жолдардың бірі саналады. Жолды жөндеу тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 
Аудан әкімі жұмыс сапасы мен белгіленген талаптардың сақталуына назар аударып, жауапты сала басшыларына жөндеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан кейін Тайшық би тұйығына барып, тұрғындар көтерген мәселелерге байланысты жүргізілген тазалық жұмыстарының нәтижесін көрді.
Аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кенттегі жолдардың сапасын жақсарту, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.