КҮДІКТІНІ ТАБУҒА КӨМЕКТЕСКЕНГЕ 500 МЫҢ ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ БЕРІЛЕДІ

Қызылорда қаласында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына байланысты полиция іздестіріп жатқан азаматтың жүрген жерін анықтауға көмектескен адамға 500 мың теңге сыйақы беріледі.
Бұл туралы «Зангер Про» заң компаниясы мәлімдеді. Компания іздеудегі азаматтың орналасқан жері туралы шынайы әрі нақты ақпарат беріп, оның анықталуына ықпал еткен тұлғаға 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы тағайындаған.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл бастама азаматтық ұстанымды қолдау және құқық қорғау органдарының іздестіру жұмыстарына жәрдемдесу мақсатында қолға алынған.

Сыйақы қандай жағдайда төленеді?

Компания жариялаған шарттарға сәйкес, ұсынылған ақпарат шынайы әрі нақты болуы керек. Сонымен қатар ол іздеудегі адамның орналасқан жерін анықтауға тікелей ықпал етуі тиіс. Сыйақы құқық қорғау органдары ақпараттың нәтижелілігін растағаннан кейін төленеді.

Іздеудегі азамат туралы қандай да бір мәлімет білетін адамдардан 102 нөміріне хабарласу сұралады.

Компания бұл бастаманың полицияның ресми сыйақысы емес, заң компаниясының жеке шешімі екенін атап өтті.

Еске салайық, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары бойынша іздестіру жұмыстарына қатысты кез келген маңызды ақпарат істің мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін.

БӨЛІСУ