Қазақстанда ескі көлігін кәдеге жаратуға тапсырған азаматтарға 750 мың теңгеге дейін жеңілдік беріледі деген ақпарат тараған еді. Алайда бұл хабарға сеніп, темір тұлпарын тапсыруға асыққандар әзірге күте тұруға мәжбүр. Экология министрлігі көліктерді қабылдау әлі басталмағанын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, бағдарламаға қатысты жаңа бұйрық бекітілгенімен, оны іске қосуға қажетті дайындық жұмыстары толық аяқталмаған. Қазір «Жасыл даму» АҚ ескі көліктерді қабылдап, оларды кейін кәдеге жарататын қайта өңдеу кәсіпорындарын іріктеп жатыр.
Барлық рәсім аяқталып, тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін ғана бағдарламаның нақты іске қосылатын күні, қатысу талаптары және көлік қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады.
Осылайша, 750 мың теңге беріледі деген ақпарат әзірге нақты төлемнің басталғанын білдірмейді. Бағдарламаның қашан іске қосылатыны және азаматтардың қандай шарттармен қатыса алатыны әзірге белгісіз.