Қызылордалық жас өнертапқыштар қоғамға қажетті технологияны әзірледі. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айшабиби Ерланқызы мен Гайнижамал Берікқызы қазақ ым тілін танып, оны мәтін мен дыбысқа айналдыратын QOLDAU AI веб-платформасын жасап шығарды. Бұл жоба есту қабілеті бұзылған адамдардың өзгелермен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беруді көздейді.
Жасанды интеллект мүмкіндігін әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттаған оқушылар өз жобаларын алғаш рет Қызылорда қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернатында сынақтан өткізді.
QOLDAU AI платформасы ым-ишараны нақты уақыт режимінде танып, оны мәтіндік және дыбыстық хабарламаға түрлендіреді. Жүйені пайдалану үшін интернетке қосылған компьютер мен веб-камера жеткілікті. Ең бастысы, қосымша бағдарламаларды орнатудың қажеті жоқ.
Жобаның негізгі мақсаты – есту қабілеті бұзылған жандар мен айналасындағы адамдар арасындағы тілдік кедергіні азайту. Мұндай технология күнделікті қарым-қатынаста, білім беру мекемелерінде және қоғамдық ортада пайдалы құралға айналуы мүмкін.
Жас әзірлеушілер үшін жобаның алғашқы сынағы маңызды тәжірибе болды. Мектеп-интернат тәрбиеленушілері платформаны қолданып көріп, өз пікірлерін білдірді. Педагогтер де оның тәжірибелік маңызын атап өтіп, жүйе танитын ым-ишаралар қорын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар платформаны балалардың жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуға пайдалануға болатыны сөз болды.
Ым-ишара тілі маманы Зухра Қалжанова оқушылардың бастамасына оң бағасын беріп, жобаны әрі қарай жетілдірудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кейбір қимылдарды нақтылап, оқыту материалдары мен бейнесабақтардың санын арттыру қажет.
Қазір QOLDAU AI жобасын жетілдіру жұмыстары физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаева мен Қызылорда қаласындағы NIS директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Рашитованың жетекшілігімен жалғасып жатыр. Алғашқы сынақтан алынған ұсыныстар платформаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны пайдаланушылардың сұранысына бейімдеуге негіз болмақ.
Оқушылардың бұл бастамасы технологияны меңгерумен ғана шектелмей, оны қоғам игілігіне жаратуға ұмтылудың үлгісін көрсетеді. Жасанды интеллектіні адамға көмек көрсететін құрал ретінде қолдану – білім мен инновацияның әлеуметтік маңызын айқындайтын бағыттардың бірі.
NIS оқушылары №6 арнайы мектеп-интернатымен бірлескен кездесуде Республика күніне орай «Қазақстан – менің мақтанышым» атты сурет байқауын да ұйымдастырды. Байқауға қатысқан балалар туған елдің мәдениеті мен салт-дәстүрін, көрікті жерлерін бейнелейтін акварель жұмыстарын ұсынды. Жеңімпаздар мектеп-интернат тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарлама барысында марапатталды.
Қызылордалық оқушылардың QOLDAU AI жобасы – білімді нақты іске айналдырып, заманауи технология арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге талпынған жас буынның ізденісін танытатын бастама. Алдағы уақытта платформа жетілдіріліп, мүмкіндігі кеңейсе, ол ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірін жеңілдетуге үлес қоса алады.