БОЛАТ ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ БЕЙНЕТ: ҚАЗАЛЫ ТЕМІРЖОЛШЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ

Теміржол – ел экономикасының күретамыры, өңірлерді өзара жалғап, жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Болат жол арқылы тек адамдар мен тауарлар ғана емес, өндіріс пен сауданың тынысы, аймақтардың экономикалық байланысы да өрістейді. Сондықтан теміржол көлігі қызметкерлерінің еңбегі – мемлекеттің тұрақты дамуы мен халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды қызметтің бірі.

Қазалы ауданында Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтіп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде теміржол саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріп отырғанын атап өтті.

– Көлік инфрақұрылымы – мемлекеттің экономикалық қуатын айқындайтын басты тетік. Мемлекет басшысы: «Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береміз», – деп бұл саланы дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп берді. Бүгінде елімізде мыңдаған шақырым жаңа теміржол желілері салынып, олардың өткізу мүмкіндігі артып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде 10 жоба Қызылорда облысында жүзеге асуда. Жуырда ғана Мемлекет басшысы, Үкімет және облыс әкімінің қолдауымен осы жобалардың бірі – 120 жылдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы толықтай қайта жаңғыртылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты жаңғыртуға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан 1 миллиард 290 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 91 миллион теңге бөлініп, вокзал маңы көркейтілді. Бұдан бөлек, жыл басында құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, бүгінде тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Теміржол – жоғары жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін сала. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, болат жол бойында тынымсыз еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің еңбегі зор құрметке лайық. Барша Қазалы халқының атынан сіздерге адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Теміржол саласының тұрақты жұмыс істеуі – мыңдаған маманның үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Машинист, жол шебері, диспетчер, байланыс маманы, вагон жөндеуші, электрмен жабдықтау қызметкері және өзге де сала өкілдері тәулік бойы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Көпшілік пойыздың уақытында келіп, белгіленген бағытпен жүруін қалыпты құбылыс ретінде қабылдағанымен, оның артында нақты есепке, қатаң тәртіпке және жоғары жауапкершілікке негізделген үлкен еңбек жатыр.

Теміржол саласында қателікке жол беруге болмайды. Себебі қозғалыс қауіпсіздігі, жолаушылардың өмірі мен денсаулығы, миллиондаған тонна жүктің уақытында жеткізілуі – теміржолшылардың кәсіби шеберлігіне және әр қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауына байланысты. Сондықтан бұл мамандық тек техникалық білімді ғана емес, тәртіпті, төзімділікті және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді.

Қазалы ауданы үшін теміржолдың орны ерекше. Аудан аумағы арқылы өтетін теміржол желісінің жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Бүгінде аудан арқылы 13 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл – Қазалы тұрғындарының еліміздің ірі қалаларымен және өзге де өңірлерімен тұрақты байланысын қамтамасыз ететін маңызды көлік бағыты.

Жыл басынан бері аудан арқылы 500 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 9 миллион тонна жүк жеткізілген. Бұл көрсеткіштер теміржолдың тек жолаушылар қатынасы үшін ғана емес, өңір экономикасы мен жүк айналымы үшін де маңызды екенін көрсетеді. Теміржол арқылы өндіріс орындарына қажетті шикізат жеткізіліп, дайын өнімдер ішкі және сыртқы нарықтарға жөнелтіледі.

Аудан аумағындағы 15 теміржол мекемесі мен кәсіпорнында 2 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Бұл – теміржол саласының Қазалы ауданындағы ірі жұмыс берушілердің бірі екенін аңғартады. Салада еңбек ететін мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуы көптеген отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей ықпал етеді.

Соңғы жылдары Қазалыдағы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Солардың бірі – 120 жылдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалының толық қайта жаңғыртылуы. Тарихи ғимараттың жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталуы жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауданның сәулеттік келбетін жаңғыртуға да ықпал етті.

Вокзал – жолаушыларды қарсы алып, шығарып салатын нысан ғана емес. Ол – елді мекеннің келбетін танытатын, ауданның тарихы мен тыныс-тіршілігін көрсететін маңызды қоғамдық кеңістік. Сондықтан тарихи вокзалдың бастапқы сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып жаңғыртылуы өткен мен бүгінді сабақтастыратын маңызды қадам болды.

Вокзал аумағын абаттандыруға аудандық бюджеттен 91 миллион теңге бөлініп, айналасы көркейтілді. Ал құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің қайта салынуы теміржолдың екі жағындағы тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалуына мүмкіндік берді.

Бұл жобалар теміржол инфрақұрылымын жаңартумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік талаптарын күшейту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру – көлік саласын дамытудың маңызды бөлігі.

Салтанатты шара барысында ауданның теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен қызметкерлер Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Қазақстан вагон жөндеу кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төсбелгісімен, сондай-ақ облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мұндай марапат – бір маманның еңбегіне берілген баға ғана емес, теміржол саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп келе жатқан мыңдаған еңбек адамына көрсетілген құрмет. Өйткені теміржолдың бүгінгі жетістігі сала ардагерлерінің тәжірибесі мен жас мамандардың ізденісінің сабақтастығы арқылы қалыптасады.

Мерекелік шара аясында ауданның теміржол тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме қонақтарға Қазалыдағы теміржол саласының қалыптасу кезеңдері, еңбек адамдарының тарихы және саланың даму жолы туралы кеңінен мағлұмат берді.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, мереке иелеріне арналған аудан әкімінің ықылас гүлі сахна төріне шығарылды.

Теміржол – тоқтаусыз қозғалысты, қатаң тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, болат жол бойында күн-түн демей еңбек етіп жүрген теміржолшылардың қызметі ел экономикасының үздіксіз жұмыс істеуіне негіз болады.

Қазалы теміржолшыларының еңбегі – ауданның ғана емес, тұтас елдің көлік-логистика жүйесінің ажырамас бөлігі. Олардың күнделікті еңбегі арқылы жолаушылар діттеген жеріне жетіп, жүк уақытында жеткізіліп, өңірлер арасындағы экономикалық байланыс үзілмейді.

Теміржолшылардың кәсіби мерекесі – осы жауапты саланың маңызын тағы бір мәрте айқындап, болат жол бойында адал еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналған тағылымды күн. Еңбекке деген құрмет пен сала мамандарының кәсіби беделін арттыру – теміржол жүйесінің тұрақты дамуына да берік негіз болмақ.

БӨЛІСУ