Қазалыда әлеуметтік осал топтарға арналған 21 тұрғын үй салынуда.
Қазалы ауданында әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд 94,5 млн теңге бөлініп, 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 50 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің құрылыс барысын аралап, нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.
Қазір үйлердің шатыр жабу жұмыстары аяқталып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы құрылыс сапасына назар аударып, мердігерлерге жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар жауапты сала басшыларына тұрғын үйлерді қабылдау кезінде барлық құрылыс нормаларының сақталуын қамтамасыз етіп, баспаналарды тұрғындарға сапалы күйде ұсыну міндеттелді.
Айта кетейік, өткен жылы Қазалы ауданында әлеуметтік осал топтарға арналған 2 пәтерлі 40 тұрғын үй сатып алынып, 80 отбасы баспаналы болған.