Қызылордада 70 жастағы кейуана үйсіз қала жаздады: сот мәмілені жарамсыз деп таныды.
Қызылордада 70 жастағы әйелдің үйіне қатысты даулы мәміле сотта қаралып, қарт тұрғынның баспанасы өзіне қайтарылды. Әйел үйін сатуға ниеті болмағанын, нотариуста тұрғын үйді сату емес, ұлының қарызын қамтамасыз ету үшін кепілге қою туралы құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлағанын айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылы Қызылорда тұрғыны К.-ның үйі 19 млн теңгеге жасалған сатып алу-сату шарты негізінде басқа адамның атына рәсімделген. Алайда әйел үйін сатуды жоспарламаған. Оның айтуынша, ұлы қарыз ақша алған, ал үй сол қарызды қамтамасыз ету үшін кепіл ретінде рәсімделген.
К.-ның жасы ұлғайып, есту және көру қабілеті нашарлаған. Осыған байланысты ол нотариуста тұрғын үйді сату туралы емес, кепілге қою туралы құжаттарға қол қойып жатырмын деп есептеген.
Ең қызығы, әйел мәміле жасалғаннан кейін де үйінен көшпеген. Ол үш жарым жылдан астам уақыт бойы отбасы мүшелерімен бірге сол баспанада тұрып, коммуналдық төлемдерді төлеп, үйді күтіп-ұстау шығындарын өзі көтерген. Ал үйді «сатып алған» адам осы уақыт аралығында баспанаға талап қоймаған, оны пайдаланбаған және тіпті үйге келмеген.
Кейін үйді сатып алушы К.-ны және оның отбасы мүшелерін тұрғын үйден шығару туралы сотқа жүгінген. Бұған жауап ретінде қарт әйел сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды талап етті.
Сот істі қарау барысында мәміленің сыртқы формасы сатып алу-сату болғанымен, оның шын мәнінде қарызды қамтамасыз ету мақсатында жасалғанын анықтады.
Сот анықтағандай, 19 млн теңге К.-ның ұлына «сатып алушының» әкесі тарапынан қарыз ретінде берілген. Ал тұрғын үй осы қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету үшін мәміле арқылы басқа адамның атына рәсімделген. Сонымен қатар 2023–2024 жылдары «сатып алушыға» 4 млн теңге қайтарылған.
Сот үшін тағы бір маңызды мән-жай – тұрғын үйдің кәдімгі сатып алу-сату жағдайына тән түрде пайдаланылмағаны болды. Үйдің жаңа иесі ретінде көрсетілген адам үш жылдан астам уақыт бойы баспанаға иелік етуге әрекет жасамаған, үйге келмеген және оны пайдаланбаған. Ал К. осы уақыт бойы үйде тұрып келген.
Іс материалдарын жан-жақты зерделеген сот қарт әйелдің өз үйін шын мәнінде басқа адамға сатуға ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Яғни сатып алу-сату шарты тұрғын үйді нақты сату үшін емес, қарыз ақшаның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында рәсімделген.
Осыған байланысты Қызылорда қаласының соты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, 70 жастағы әйелдің тұрғын үйге деген құқығын қалпына келтірді.
Мәмілені рәсімдеу кезінде анықталған бұзушылықтар да назардан тыс қалмады. Сот Әділет департаменті басшысының атына жеке ұйғарым шығарып, жекеше нотариустың әрекеттеріне құқықтық баға беруді және анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген тараптардың шағымдары апелляциялық және кассациялық сатыларда қаралған. Нәтижесінде екі саты да сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, үш жылдан астам уақыт бойы өз үйінде тұрып келген 70 жастағы әйел баспанасынан айырылып қалудан аман қалды. Сот мәміленің атауына емес, оның шынайы мақсаты мен тараптардың нақты әрекеттеріне баға берді.