Қазақ халқы үшін кітап – білімнің бастауы, руханияттың темірқазығы. Қай кезеңде де ұлттың өркениетке ұмтылуы мен мәдени дамуы кітаппен тікелей байланысты болған. Осы игі дәстүрді жаңғыртып, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірді нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Кітап керуені» мәдени-ағартушылық жобасы бұл жолы Қазалы ауданының Ү.Түктібаев ауылына табан тіреді.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Әсіресе қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде жастардың кітапқа деген ықыласын ояту маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап керуені» – рухани құндылықтарды дәріптейтін, ұлттық мәдениетті насихаттайтын маңызды бастама.
Іс-шара барысында ауыл тұрғындарына қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары, балалар әдебиеті, тарихи-танымдық кітаптар, көркем шығармалар мен сирек қордағы басылымдар ұсынылды. Кітап көрмесін тамашалаған оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, жаңа шығармалар туралы мәлімет алды. Мұндай кездесулер ауыл тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтуге де ықпал етеді.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Әнесұлы және Алға ауылдық округінің әкімі Алмас Бегалиев сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды. Олар кітап оқитын ұрпақтың ғана ел болашағын қалыптастыра алатынын атап өтті.
Кітапхана ісінің дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Бірқатар кітапхана қызметкерлері Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар белсенді оқырмандар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды. Бұл – кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқуға деген ынтаны арттырудың тиімді жолдарының бірі.
Кітап керуенінің мазмұнын байыта түскен маңызды шаралардың бірі – ақын-жазушылармен кездесу кеші болды. Әдеби орта өкілдерімен еркін пікір алмасқан оқырмандар шығармашылық әлемнің қыр-сырымен танысты. Сонымен қатар кітап талқылаулары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушыларға жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік жасалды.
Кездесу барысында мәдениет саласының ардагері Болат Жолтаев кітаптың адам өміріндегі орны туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, кітап – адамның рухани байлығын арттыратын, ой-өрісін кеңейтетін ең сенімді серік. Сондай-ақ ақын, ұстаз Сағыныш Мұхитқызы мен ұстаз Гүлбарам Жауғашарова өз шығармаларынан өлең оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бүгінде қоғамның рухани дамуы кітап оқу мәдениетімен тығыз байланысты. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және әдебиетке қызығушылықты арттыру бағытындағы мұндай шаралардың маңызы зор. Әсіресе ауылдық жерлерде өткізілетін мәдени жобалар тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандырып, кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейте түседі.
Ү.Түктібаев ауылында өткен «Кітап керуені» де осы мақсаттарға қызмет еткен мазмұнды мәдени шара болды. Кітап пен оқырманды жақындастырған тағылымды кездесу ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін беріп, кітап оқудың құндылығын тағы бір мәрте айқындады. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің рухани дамуына қызмет ете беретіні сөзсіз.

