ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Қ.Қазантаев атындағы аудандық Мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан Полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті. Қос бірдей кәсіби мерекені ұлықтаған жиынға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, мемлекеттік қызметшілерді, полиция қызметкерлері мен сала ардагерлерін құттықтады.

Бұл мерекелердің маңызы ерекше. Өйткені мемлекеттік қызмет пен полиция саласы – елдің тұрақтылығы мен дамуының, қоғамдық қауіпсіздігі мен заң үстемдігінің басты тіректерінің бірі. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына үлес қосып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтса, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екі саланың да түпкі мақсаты – халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы қос саланың қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне тоқталды. Ол мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау жүйесінің өзара сабақтас екендігін атап өтіп, олардың қызметі елдің өркендеуіне, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікке тікелей ықпал ететінін айтты.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты берік орнығып келеді. Бұл бастама мемлекеттік басқару сапасын жетілдіруге, құқықтық мәдениетті нығайтуға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Осы міндеттердің жүзеге асуында мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің еңбегі айрықша.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та жоғары. Ашықтық, әділдік, жауапкершілік және кәсібилік мемлекеттік басқару жүйесінің басты қағидаттарына айналды. Мемлекеттік қызметші тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, сонымен бірге халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, ел игілігі үшін еңбек ететін тұлға болуы тиіс. Сондықтан бұл салада қызмет ету үлкен білімді, жоғары жауапкершілікті және адалдықты талап етеді.

Сол сияқты полиция қызметкерлерінің еңбегі де аса маңызды. Қоғам тыныштығын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау – күнделікті атқарылатын күрделі міндеттердің бірі. Тәулікпен санаспай қызмет ететін тәртіп сақшыларының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Әсіресе қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстардың маңызы арта түсуде.

Мерекелік шара барысында өз ісіне адалдық танытып, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілер, полиция қызметкерлері және сала ардагерлері облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – олардың қоғам игілігі жолындағы еселі еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.

Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің спорттағы жетістіктері де ерекше аталып өтті. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиадада І орын иеленген Жалағаш ауданының командасына құрмет көрсетіліп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл аудан мемлекеттік қызметшілерінің тек кәсіби қызметте ғана емес, спорт саласында да белсенді екендігін көрсетті.

Салтанатты кештің сәнін аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы келтірді. Ән мен жырдан шашу шашқан өнер иелері патриоттық және халық әндерін орындап, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер мен руханият ұштасқан кеш қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты өлшемі – халықтың әл-ауқаты мен қоғамдағы тұрақтылық. Ал осы маңызды міндеттердің орындалуына мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері күн сайын өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан олардың адал еңбегі мен жоғары жауапкершілігі әрдайым құрмет пен ризашылыққа лайық.

Қос мерекеге арналған салтанатты шара қоғам игілігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды. Бұл жиын мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласында еңбек ететін жандардың мәртебесін арттырып қана қоймай, жас буынға адал еңбек пен Отанға қызмет етудің үлгісін көрсетті.

БӨЛІСУ