Қызылордада «Terra Green» компаниясының заманауи жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті көкөніс өндірісін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Республика күні қарсаңында бастау алған маңызды жобаның салтанатты рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, «Terra Green» компаниясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Шара барысында серіктестік құрылтайшысы Фатих Будан қатысушыларға болашақ жылыжай кешенінің негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін таныстырды.
Облыс әкімі өз сөзінде агроөнеркәсіп кешенінің аймақ экономикасындағы маңызына тоқталып, жаңа инвестициялық жобаның өңір үшін берері мол екенін атап өтті.
«Агроөнеркәсіп кешені – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі. Еліміздегі күріш пен ас тұзының 90 пайыздан астамы Қызылорда облысында өндіріліп, алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Осы ретте тұрғындарды сапалы көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту өте маңызды», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа кешен маусымаралық кезеңде көкөніске деген сұранысты өтеуге, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың тұрақты табыс табуына жол ашады. Сонымен қатар жоба жастарға жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынуға ықпал етеді.
Салтанатты жиында Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу мен облыс прокурорының міндетін атқарушы, инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев сөз сөйледі. Ал ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы ақ батасын берді.
Жаңа кешен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Заманауи технологияларды қолдану арқылы су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін Қызылорда тұрғындарының жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніспен қамтылуына мүмкіндік туады. Бұл маусымдық тапшылықты азайтып, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға да оң ықпал етуі мүмкін.
Осылайша, «Terra Green» жылыжай кешені Қызылорда облысының агроөнеркәсіп саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналмақ.