Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласы тұрақты дамып, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдары шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіпкерлік белсенділік артып, жаңа бизнес нысандарының саны көбейіп келеді.
Бүгінде шаһарда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 31 219 бірлікті құрады. Бұл көрсеткіш өңірде кәсіпкерлік мәдениетінің қалыптасып, тұрғындардың жеке ісін ашуға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады. Кәсіпкерлік субъектілері сауда, қызмет көрсету, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда халықты жұмыспен қамтып, өңір экономикасының дамуына үлес қосуда.
Кәсіпкерлік саласындағы оң үрдістердің бірі – бөлшек сауда көлемінің артуы. Биылғы есепті кезеңде бөлшек сауда көлемі 153 миллиард 118 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға жоғары. Аталған көрсеткіш тұрғындардың сатып алу қабілетінің сақталып отырғанын және ішкі нарықтағы экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, бөлшек сауда көлемінің өсуі жаңа сауда орындарының ашылуымен, кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерінің көбеюімен және цифрлық сауданың дамуына байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары да бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірістерінің ұлғаюына және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту алдағы уақытта да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен бизнесті қолдау бағдарламалары кәсіпкерлік ортаның одан әрі кеңеюіне жол ашып, өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге негіз болуда.

