Астана қаласында Халықаралық «Regional Ecological Summit Expo 2026» жасыл технологиялар және тұрақты шешімдер көрмесі жұмысын бастады.
22–24 сәуір аралығында өтетін көрме жұмысына Қызылорда облысынан бірқатар кәсіпорын өз жобаларын ұсынуда. Атап айтқанда: «СРТ» ЖШС-нің неміс технологиясы бойынша шыны бөтелкелерін қайта өңдеу және кәдеге жарату жобасы, «With You» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу жобасы, «РемПласт» ЖШС-нің қағаз және картон өңдеу жобасы, «Смарт Раббер» ЖШС-нің ескі автокөлік шиналарын қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақ, резеңке гранулят (спорт, балалар алаңдарына арналған жабындар) және ауыл шаруашылығына арналған жер асты суару түтіктерін өндіру жобалары.
Аталған жобалар шыны бөтелке, қағаз, резеңке, пластик қалдықтарын сұрыптауға, қайта өңдеуге, дайын өнім шығаруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірегей өндірістер болып табылады.
Сонымен қатар, аймағымыздың цифрландыру бағыты бойынша студенттер жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, стартап жобаларын ұсынуда.
Асылжан Абдуллаев рентген суреттері арқылы өкпе қатерлі ісігін ерте сатысында анықтауға арналған жасанды интеллект жобасын таныстырды. Жүйе онкологияны 3 минут ішінде 94,1% дәлдікпен анықтап, дәрігерлерге диагностика жасауға көмектеседі.
Нұрдәулет Дүзенов деректерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін агробизнеске арналған AgriX интеллектуалды платформасын ұсынды. Жүйе ауа райы жағдайларын, топырақ сипаттамаларын және спутниктік деректерді талдай отырып, оңтайлы дақылдарды ұсынады, өнімділікті болжайды және шығындарды азайтады.
Ербол Садибеков мал шаруашылығын басқаруға арналған аппараттық және бағдарламалық жасақтаманы біріктіретін Zhailym платформасын таныстырды. Бұл жоба Қазақстанның қатаң климаты мен шалғай жайылымдарына арнайы бейімделген. Өзіндік байланыс желісі және 25–30 шақырым радиуста жұмыс істейтін жеке байланыс бекеті арқылы мал шаруашылығын толық бақылауға мүмкіндік беретін автономды экожүйе болып табылады. Жобаның басты мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, мал басын жоғалтпау және жайылымды тиімді пайдалану.
Атап өту қажет, көрме аясында бірнеше мемлекет қатысқан павильон аумағындағы Қазақстан Республикасының көрмесінде Сыр еліндегі маңызды жобалар таныстырылды. Олар: Көкарал бөгетін биіктету, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына «e-seed» инновациялық әдісімен сексеуіл егу, сондай-ақ «Seven Rivers Technologies» ЖШС-нің заманауи зауыты жобасы.
Аталған көрме Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері мен басқа да мәртебелі меймандарға таныстырылды.
Экспозициялар орнықты экожүйені сақтауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық орнатуға, экологиялық мәселелерді шешуге және Арал өңірін қайта қалпына келтіруге бағытталған.
Көрме әлемнің 30 елінен келген 240-тан астам қатысушы мен халықаралық серіктестердің басын қосты. 120-дан астам павильонда озық бастамалар мен жаңа жобалар ұсынылды.
