Жапондық сарапшылар Арал ауданына келді.

Бүгін жапондық сарапшылар «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында Арал ауданы тұрғындарының тыныс-тіршілігімен, сонымен бірге, жан-жануарлары мен өсімдіктерін зерделеп, жергілікті шикізат көзімен тереңінен танысты.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ибрагимова және палатаның Арал аудандық филиалының директоры Нұрсауле Ембергенова ауданның кәсіпкерлік келбетін және басты ерекшелігі мал шаруашылығы мен пайдалы шөптерден тұратын өнімдермен таныстырды.

Өздеріңізге белгілі, шетелдік эксперттеріміздің Арал аумағына келуінің басты себебі жергілікті өсімдік – Жантақтан жасалатын өнімдер аясында, аталмыш өсімдікті зерттеп, оның пайдасы мен құнарлығын анықтау. Осы ретте, «Бір ауыл — бір өнім» жобасының үйлестірушісі Aya Kaino және шөптер мен хош иістер бойынша сарапшысы Junco Yoshimizu өсімдіктің өсу барысынан бастап, дайын өнім болғанға дейінгі процессін толық зертханалық тәжірибеден өткізді.

Сонымен бірге, жапондық қонақтар жергілікті мал шаруашылығымен, оның ішінде – түйе бағу әдісінің қыр-сырына қанық болды. Түйе сүтінің қалай өндірілетінін, түйе сауудан бастап, сабын жасау үшін қандай әдістер қолданылатына дейінгі процессті өз көздерімен көрді.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасының былтырғы жеңімпазы Арсена Кушжанова осы түйе сүті, ешкі сүті, жантақ және басқа да шөптердің қоспасынан экологиялық таза өнім – сабын шығаратыны белгілі. Оның “Aral _organic” сабынын тіпті, аллергиясы бар адамдарға да қолдануға болады. Ал оның сіңілісі Жұлдыз Кушжанова дәл осы жантақ пен басқа да шөптер қосындысынан денсаулыққа пайдалы шайлар шығарады. Жапондық эксперттер барлық шөптердің құрамын, олардың ерекшелігін тереңінен зерттеді.

Сондай-ақ жоба аясында эксперттер өздері арнайы дайындап келген упаковкалар арқылы Аралдық кәсіпкерлерге қораптау әдісін үйретті. Бұл әдіс арқылы тауарларға деген сұраныс артып, экспортқа шығу мүмкіндігі болады. Эксперттердің іссапармен келу мақсаты да осыда, ауылдарда өндірілетін тауарлардың сапасын арттырып, оны халықаралық аренаға шығару.

БӨЛІСУ