Бүгін Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ә. Хожбановтың төрағалығымен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысында күн тәртібіне сәйкес:
1. Өңірімізде өндіріс орындарын ашу, мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жұмыс орындарын құру және азаматтарды жұмыспен қамту ахуалы;
2. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты жоспарлау, игеру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері туралы;
3. Ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрайымы А. Әбибуллаева баяндама жасады. Баяндамада жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жұмыс орындарын құру ахуалы бойынша терең зерттеу жүргізіліп, барлық қатысты мекемелер бойынша мониторинг, сауалнамалар өткізіліп, жинақталған ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Баяндаманы талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаевқа жұмыспен қамтуға гранттар, субсидия, квота бөлу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, проблемалық мәселелерді шешу бойынша өз пікірлерін білдірді. Қоғамдық кеңес қаралған мәселе бойынша дайындалған ұсыным жобасын мақұлдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары А. Ашиков баяндама жасап, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметіндегі бюджеттен бөлінген қаражатты жоспарлау, игеру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерімен таныстырды.
Осы мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиясының ұсынымы мақұлданып, келісілді.
Ұйымдастыру мәселесі бойынша:
1. “Таза Қазақстан” акциясы аясында Қоғамдық кеңес тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындысымен дайындалған ұсыным жобасы мақұлданды;
2. Қоғамдық кеңестің Төралқа құрамындағы бос орынға жабық дауыспен Б. Саймағанбетов сайланды;
3. Қоғамдық кеңес хатшысы болып Е.Ертарғынов сайланды.