Сапалы медицина мен қолжетімді әлеуметтік көмек: өңір үшін маңызды бағыттар.
Медициналық көмектің сапасы, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігі – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер. Осы бағыттар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында қамтылған.
Бағдарламадағы негізгі міндеттер партиялық тізім бойынша Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттығына үміткерлердің Талсуат ауылдық округіндегі оңалту орталығының ұжымымен кездесуінде таныстырылды.
Кездесуге үміткерлер Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Манат Тлеуова, Ерлан Бердібаев, Нұрболат Ибраев, Айдос Жылқайдаров және Мөлдір Бекетова қатысты.
Алғашқы болып сөз алған үміткер Руслан Рүстемов денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруде аурудың алдын алу мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңызын атап өтті.
«Сайлауалды бағдарламамызда денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер белгіленген. Ең алдымен, аурудың алдын алу, тұрақты медициналық тексерулер мен ерте диагностиканы дамыту маңызды. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру көзделген. Әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімді болуы назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі сапалы медициналық қызмет әрбір азамат үшін қолжетімді болуы керек», – деді Руслан Рүстемұлы.
Бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін оңалту қызметін дамыту. Бұл ретте оңалту орталықтарының желісін кеңейту, заманауи оңалту әдістерін енгізу және үй жағдайында көрсетілетін қызметтердің мүмкіндігін арттыру мәселелері қарастырылған.
Қызылорда облысында осы бағытта жүзеге асқан пилоттық жобаның нәтижесі де көңіл аударуға тұрарлық. Үй жағдайында оңалту көмегін алған балалардың 71 пайызында оң өзгерістер байқалған. Бұл тәжірибе балалардың қажеттілігіне қарай қызмет көрсетудің маңызын көрсетіп отыр.
Осы мәселеге тоқталған үміткер Наурызбай Байқадамов оңалту қызметінің қолжетімділігі мен үздіксіз көрсетілуі маңызды екенін жеткізді.
«Ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін оңалту көмегі жүйелі әрі үздіксіз болуы қажет. Партияның сайлауалды бағдарламасында осы қызметтің ауқымын кеңейту, оңалту орталықтарының жұмысын дамыту және үй жағдайында көмек көрсету тәжірибесін жетілдіру міндеттері қамтылған. Мұнда тек баланың денсаулығын жақсарту ғана емес, оның қоғамға бейімделуіне, мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне жағдай жасау да маңызды. Сонымен бірге мұндай балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қолдауды күшейту қажет», – деді Наурызбай Байқадамов.
Ал үміткер Манат Тлеуова әлеуметтік қолдаудың тиімділігі мен оның шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға қолжетімді болуы мәселесіне тоқталды.
«Әлеуметтік қолдаудың басты мақсаты – азаматтың қажеттілігіне қарай көмек көрсету. Партияның сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесін жетілдіру, оны проактивті форматқа көшіру ұсынылған. Яғни, азамат туралы қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде болса, одан қайта-қайта құжат жинап, өтініш беру талап етілмеуі керек. Бұл әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасылар үшін маңызды. Сонымен қатар отбасыны қолдау қызметтерін дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағыттарына басымдық беріледі», – деді Манат Тлеуова.
Кездесу барысында орталық қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Үміткерлер сала мамандарының тәжірибесі мен пікірлері әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруда маңызды екенін атап өтіп, 29 қарашада өтетін сайлауда «Әділет» партиясын қолдап дауыс беруге шақырды.
Тапсырыс беруші: Базартай Ж.Н
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді