СЫРДАРИЯДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР МЕН АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

Балабақша салу, мектепті күрделі жөндеу, елді мекендерді газдандыру, жаяу жүргіншілер жолын реттеу. Сырдария ауданы тұрғындары облыс әкімімен кездесуде осындай бірқатар түйткілді мәселені ортаға салды.
Мұрат Ергешбаевтың ауданға жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесуі және құқық қорғау органдары басшыларымен бірлескен жеке қабылдауы өтті. Азаматтар білім беру мен медицинадан бастап, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және электр желілерінің жағдайына дейінгі мәселелерді қозғады.
Айтылған өтініштердің арасында нақты жобалық шешімі бар ұсыныстар да аз емес.
Мәселен, Тереңөзек кентіне 80 бүлдіршінге арналған заманауи балабақша салу жобасы әзірленген. Қазір оны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілген.
Қалжан ахун ауылындағы орта мектептің күрделі жөндеу жобасы да дайын. Құжаттары биыл мемлекеттік сараптамадан өткен.
Газдандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарын көгілдір отынмен қамтуға қажетті қаржы республикалық бюджетке ұсынылған.
Ал Тереңөзек кенті мен А.Тоқмағанбетов, Іңкәрдария, Айдарлы ауылдарындағы жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу және теміржол өткелін салу жобалары мемлекеттік сараптамадан өткен.
Тұрғындар үшін мұның бәрі – күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін қажеттіліктер. Ендігі кезекте дайын жобалардың қаржыландырылып, нақты іске асуы маңызды.
Қабылдауда айтылған барлық өтініш заң талаптарына сәйкес зерделеніп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

БӨЛІСУ