ТЕМІРЖОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ ПАРТИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қызылордада «Әділет» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер теміржолшылар ұжымымен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Теміржол саласы – ел экономикасының күретамыры, өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратын стратегиялық сала. Сондықтан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жүк және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау мәселелері кездесудің негізгі өзегіне айналды.
Жүздесуге «Әділет» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Жорабек Нұрмбетов, Әбдіәзиз Мұстафағұлы, Жасұлан Жарасбаев және Сағидулла Сыздықов қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – партияның 2031 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын таныстыру, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және теміржол саласының болашағына қатысты басымдықтарын түсіндіру.
Алғашқы болып сөз алған Жорабек Нұрмбетов теміржол инфрақұрылымын дамыту мен еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Ол партияның сайлауалды бағдарламасында ТрансҚазақстан теміржол дәлізінің құрылысын аяқтау, жаңа теміржол желілерін салу, жүктемесі жоғары учаскелердің өткізу қабілетін арттыру және теміржол бекеттерін жаңғырту бағыттарына ерекше мән берілгенін атап өтті. Бұл бастамалар еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Әбдіәзиз Мұстафағұлы партия бағдарламасының әлеуметтік бағыттарына тоқталып, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігі, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін атап өтті.
Сонымен қатар теміржол саласындағы жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, пойыздар мен вагондарды жаңарту, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мәселелерінің маңызын жеткізді. Оның айтуынша, көлік саласының дамуы тек инфрақұрылыммен шектелмей, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартумен де өлшенуі тиіс.
Жасұлан Жарасбаев өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру бағыттарын сөз етті.
Партияның 2031 жылға дейінгі бағдарламасында кемінде 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру міндеті көзделген. Бұл ретте теміржол және логистика саласының әлеуетін тиімді пайдалану, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейту, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Мұндай бастамалар өңір экономикасының өсуіне, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Сағидулла Сыздықов өз сөзінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді.
Сайлауалды бағдарламада қызметкерлердің еңбекақысын әділ төлеу, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, еңбек қатынастарын заңдастыру және өндірістік қауіпсіздікті күшейту бағыттары қамтылған. Атап айтқанда, 2031 жылға қарай жалдамалы қызметкерлердің кемінде 95 пайызының электрондық еңбек шартымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамту үлесін 90 пайызға жеткізу міндеттері белгіленген.
Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту – еңбек адамының мүддесін қорғаудағы маңызды қадамдар.
Үміткерлердің айтуынша, өңірдің тұрақты дамуы экономикалық өсіммен ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмірінде сезілетін оң өзгерістермен, сапалы жұмыс орындарымен және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының орнығуымен өлшенуі тиіс.
Жүздесу соңында кандидаттар теміржолшыларды 29 қарашада өтетін сайлауға белсене қатысып, «Әділет» партиясын қолдап дауыс беруге шақырды.
Тапсырыс беруші: Базартай Н.Ж.
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

БӨЛІСУ