БАСЫҚАРА АУЫЛЫНДАҒЫ №182 МЕКТЕП ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Қазалы ауданында әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары жалғасуда. Кезекті игілікті істің нәтижесінде Басықара ауылындағы №182 мектеп табиғи газға қосылып, білім ошағының жылыту жүйесі жаңа отын түріне бейімделді.
Бүгінде мектепте 199 оқушы білім алады. 2010 жылы пайдалануға берілген білім ордасының газға қосылуы жылыту маусымында қолайлы әрі тұрақты жылу беруге мүмкіндік жасайды.

Аудан бойынша бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2025 жылы Қазалы қаласы мен Ғани Мұратбаев, Абай, Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылдарындағы 14 білім беру нысаны мен бір мәдениет үйінің бу қазандықтарын газға бейімдеуге 54,1 млн теңге бөлініп, жобалық құжаттамалары әзірленген.

Ал биыл Қазалы қаласы, Ақтан батыр және Ү.Түктібаев ауылдарындағы клубтарды газға бейімдеуге 43,4 млн теңге, Ақтан батыр мен Абай ауылдарындағы амбулаториялардың жылыту жүйесін ауыстыруға 18 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп, Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектеп пен «Сәуле» балабақшасының бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары да қолға алынған.

БӨЛІСУ