Жалағаш ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Мөрәлі Шәменовтің 110 жылдық мерейтойына арналған «Өнегелі өмір – өшпес тарих» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.
Тағылымды шара М.Шәменов ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілді. Мүшәйраның басты мақсаты – елдің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен Мөрәлі Шәменовтің өнегелі өмір жолын, тарихи тұлғасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Шара қонақтары алдымен мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ал мерейтойлық кеш қайраткердің өмір жолына арналған сахналық прологпен ашылды.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев және Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Мөрәліұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен облыс аудандарынан 11 ақын қатысып, бақ сынады. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар Мөрәлі Шәменовке арнаған жырларын оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығармаларын ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жалағаштық ақын Жақып Сәнияға бұйырды. І орын аралдық Ұлықбек Тәңірбергеновке, ІІ орын қызылордалық Бексұлтан Санақұлына берілді. Ал ІІІ орынды Ақжол Сұлтан, Серәлі Сәтбай және Ізбасар Әбдібеков иеленді.
Байқау соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Өнегелі ғұмырды өлеңге арқау еткен мүшәйра ел тарихында із қалдырған тұлғалардың есімін ұлықтау мен рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.