СЫРДАРИЯДА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ӨНДІРІСІНІҢ ЖАҢА КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қызылорда облысының Сырдария ауданында жүгері кептіру және сақтау кешені пайдалануға берілді. Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын үнемдеуге және жүгері өндірісін дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың бірі.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокурорының міндетін атқарушы, инвестициялық  омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің құрылтайшысы Закиржан Кузиев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Іс-шарада аймақ басшысы жаңа кешеннің өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және терең өңдеу мәселесін стратегиялық маңызы бар міндет ретінде айқындады.
Бүгін «Қызылорда крахмал-сірне зауытының» бірінші кезеңі аясында жүгері кептіру және сақтау кешені іске қосылуда. Бұл жоба егін шаруашылығын әртараптандыруға, жүгері егісі көлемін арттыруға бағытталған бірегей бастама», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде күріш алқаптарының көлемі қысқарып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріліп жатқанын атап өтті. Биыл облыста 70 мың гектарға күріш егілген. Соңғы үш жылда күріш егісі 19 мың гектарға азайған.
Рәсім барысында Нұрболат Дүйсенбаев, Закиржан Кузиев және ел ағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев сөз сөйлеп, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында 11 мың гектар жерге жүгері егіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Қазіргі таңда «Таң ЛТД» серіктестігі жүгеріні су үнемдеу технологиясымен, ал «Ақтөбе және К» шаруашылығы дәстүрлі суару әдісімен өсіруде. Жалағаш ауданында швейцариялық «Harvest Argo» компаниясының 21 мың гектарға жүгері және соя егу жобасы басталды.
Жүгері алқаптарын одан әрі ұлғайту мақсатында арнайы Жол картасы бекітілген. Соған сәйкес, келесі жылы өңірде 28 мың гектарға жүгері егу жоспарланып отыр.
Жаңа кешеннің іске қосылуы жиналған өнімді сапалы сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірде жүгеріні терең өңдеу өнеркәсібін дамытуға негіз қалайды.

БӨЛІСУ