ҚОЖАКЕНТ АУЫЛЫНА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУДА: ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛҒАН

Жаңақорған ауданындағы Қожакент ауылын табиғи газбен қамту бағытындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба толық жүзеге асқанда, ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Осы тапсырма аясында Жаңақорған ауданында да бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже және Билібай ауылдарын газдандыру жобасы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасына енгізілген. Жұмыстар 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Бүгін аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан Қожакент ауылында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысты.
Жоба бойынша ауылға дейін 33,037 шақырым жоғары қысымды газ құбыры, сондай-ақ 34,707 шақырым ауылішілік төмен және орта қысымды газ тарату желілері тартылуы тиіс.
Құрылыс жұмыстарын «УНИВЕРСАЛСТРОЙСЕРВИС» ЖШС жүргізуде. Бүгінде жоғары қысымды магистральдық газ құбырының 32,5 шақырымы, ал ауылішілік желінің 10 шақырымы төселген.

Сонымен қатар Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық және Қыркеңсе ауылдарына газ реттеуіш пункттерін орнату жоспарланған. Аталған елді мекендерді газдандыру жұмыстары 2027–2030 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылады.

Аудан әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкіліне құрылыс сапасын қатаң бақылауды, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды және құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.
Ауылдарды газдандыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық қадам.

БӨЛІСУ