ЖОЛДАУДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАР ҚАРАУЫЛТӨБЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін «Әділет» партиясы облыстық филиалы жанындағы ақпараттық топ мүшелері Баймырза Қожамберлиев, Руслан Рүстемов және Гүлшат Мұсаева Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды талқылады.
Кездесуде елдің алдағы даму бағдарлары, жаңа Конституцияның мәні, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру, әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.
Алғашқы болып сөз алған Баймырза Қожамберлиев Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен биыл қабылданған жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Ата Заң – бірнеше ұрпақтың арасындағы қастерлі келісім ғана емес, мемлекеттің бүгінгі болмысы мен болашақ даму бағытын айқындайтын негізгі құжат.
«Жаңа Конституция еліміздің дамуындағы маңызды кезеңді білдіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Ата Заңның мәні тек бүгінгі күнмен шектелмейді, ол келешек ұрпақтың да өмір сүру бағдарын айқындайды. Сондықтан әрбір азамат конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсініп, ел болашағына қатысты үдерістерге бейжай қарамауы керек», – деді ол.
Ал Руслан Рүстемов Жолдаудағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларға назар аударды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланғанын жеткізді. Бұл қаражат өңірлердегі әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Сонымен қатар алдағы уақытта денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу, елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.
«Ауылдың дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасынан көрінуі тиіс. Ол үшін сапалы жол, таза ауыз су, газ, қолжетімді медициналық көмек пен заманауи білім беру нысандары қажет. Жолдауда осы бағыттардың барлығы қамтылған. Сонымен қатар ең төменгі жалақыны көтеру, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру секілді әлеуметтік бастамалар халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған», – деді Руслан Рүстемов.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ақпараттық топ мүшесі Гүлшат Мұсаева аграрлық саланы технологиялық жаңғырту, фермерлерді қаржылай қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызына тоқталды.
«Қызылорда облысының шаруалары су тапшылығы мен климаттық қиындықтарға қарамастан, жүгері мен соя өсіру, оны терең өңдеу бағытында тәжірибе жинақтап келеді. Бұл – ауыл шаруашылығының мүмкіндігі мол екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осындай бастамаларды кеңейтіп, өнімді шикізат күйінде сатпай, өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру. Бұл ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындар табысының артуына ықпал етеді», – деді Гүлшат Мұсаева.
Бұдан бөлек, кездесуде шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, цифрлық экономиканы дамыту мәселелері де талқыланды. Мемлекет басшысының шағын және микро бизнесті тексеруге кезекті үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысы да түсіндірілді. Сондай-ақ цифрлық технологиялардың көмегімен ауыл тұрғындарына да жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік беру қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Ақпараттық топ мүшелері Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асуы мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның белсенділігі мен ортақ жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті.

БӨЛІСУ