АЗАМАТТАРДЫҢ ФОТОСЫ МЕН ВИДЕОСЫН КЕЛІСІМСІЗ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРМЕК

Қазақстанда азаматтардың фото және бейнежазбаларын олардың келісімінсіз пайдалануға қатысты заң талаптары нақтыланбақ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді.
Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған.
Министрдің айтуынша, интернетте ашық жарияланған фото және видеоматериалдарды өзге адамдардың пайдалану тәртібі заң жүзінде нақтыланады.
Атап айтқанда, адамның ашық дереккөздерде жарияланған бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға, егер азамат мұндай пайдалануға тыйым салмаған болса ғана жол берілуі мүмкін.
Яғни адам өзінің фотосы мен видеосын өзгелердің пайдалануына қарсылық білдіріп, оған тыйым салған жағдайда, бұл талап ескерілуге тиіс.

Жеке өмірге қатысты мәліметтер де қорғалады

Бұдан бөлек, адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны заңда тікелей бекітілмек.
Министр бұл нормалардың азаматтардың жеке өміріне қатысты ақпаратты қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Жаңа түзетулер қабылданған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілерде де нақтыланбақ.
Басты мақсат – цифрлық кеңістікте де әр адамның жеке өмірі мен бейнесіне қатысты құқықтарын қорғау.

БӨЛІСУ