ЖАЛАҒАШТА “АЛТЫН КҮЗ-2026” МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Жалағашта «Алтын күз – 2026» мерекесі кең көлемде аталып өтті.

Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Орталық стадионда өткен салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Төрәлиев, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, қоғам қайраткерлері Қожахмет Баймаханов, Биғали Қаюпов, Өмірбек Шаменов, Жанкелді Ысқақ, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Мерекелік шара қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, жергілікті шаруашылықтардың жетістіктерімен танысты. Көрмеде ауданның аграрлық әлеуеті мен еңбек адамдарының жыл бойғы жұмысының нәтижесі кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, көпшілік назарына тұсаукесер рәсімі ұсынылды. Арнайы тігілген киіз үйлерде қонақтарға ұлттық тағамдар тарту етілді. Салтанатты жиында аудан әкімі Ерлан Төрәлиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының дамуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосқан озат еңбеккерлер мен сала мамандарын марапаттады. «Алтын күз – береке мен бірліктің, еңбек пен ырыстың нышаны. Бұл – ала жаздай атқарылған тынымсыз еңбектің қорытындыланып, маңдай тердің жемісі бағаланатын ерекше кезең. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі, ауыл тіршілігі мен халық әл-ауқатының негізгі тірегі. Оның дамуы табанды еңбек пен туған жерге деген шынайы жанашырлыққа тікелей байланысты. Ауданымыз биыл облыс көлемінде «Егін шаруашылығы саласында озат аудан» номинациясын иеленді. Бұл – барша Жалағаш жұртшылығы үшін зор мәртебе, ортақ мақтаныш. Осы орайда жыл бойы табандылықпен еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген шаруашылық басшыларына, диқандарға, малшыларға, механизаторларға және ауыл шаруашылығы саласының барлық қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі. Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылымдармен, ұлттық билермен және жергілікті өнерпаздардың әсем әндерімен жалғасты. Кеш қонағы, белгілі эстрада әншісі Кенжебек Жанәбілов танымал әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданында 41 864 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, оның 16 618 гектарына күріш егілді. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 60,5 центнерден өнім жиналды. Бұл – аудан диқандарының еселі еңбегі мен Жалағаштың аграрлық әлеуетінің айқын көрінісі.

БӨЛІСУ