Қазақ үшін күбі – жай ғана ағаш ыдыс емес, берекенің, ақтың, адал еңбектің символы. Күбі піскенде айран ұйып, майы шыққанда ырыс артқан. Осындай ұлттық ұғымды ұлықтап, атадан балаға жалғасқан дәстүрді жаңғырту мақсатында Сырдария ауданында «Күбі піскен – айран, майы шыққан – ырыс» атты тағылымды сайыс өтті.
Ұлттық мұраны ұлықтаған шараға ауданға қарасты 10 ауылдан әйел-аналар қатысып, күбі пісу мен май алу өнерінен шеберліктерін сынады. Қатысушылар қазақтың қонақжай тұрмысынан, берекелі тіршілігінен сыр шертетін ұлттық тағам дайындау дәстүрін көрсетіп, көнеден жеткен кәсіптің қыр-сырын көпшілікке паш етті.
Ақ жаулықты әжелер мен аналардың қолынан шыққан ақ тағам – ұлттың ұмытылмас қазынасы. Күбі піскен сайын салт жаңғырып, ұрпақ санасына ұлттық құндылық сіңе түсті.
Сайыс қорытындысында:
І орын – Жетікөл ауылынан Пржанова Жұлдыз;
ІІ орын – Нағи Ілиясов ауылынан Мәмбекова Аймереке;
ІІІ орын – Ақжарма ауылынан Ерімбетова Динара иеленді.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
«Ақ мол болсын, ырыс орнасын!» деген қазақтың батасы бекер айтылмаған. Ұлттық тағамның әрбір түрінде халқымыздың өмір салты, еңбек мәдениеті мен берекеге деген ниеті жатыр.
Осындай тағылымды шаралар – ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғыртып қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа аманаттаудың жарқын үлгісі. Өйткені дәстүрі сақталған елдің – тамыры терең, рухы биік.