«ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ»: ЖАҢАҚОРҒАНДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай Жаңақорған ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттауға арналған «Отбасы – қоғамның алтын діңгегі» атты аудандық конференция өтті.

«Руханият» орталығында өткен басқосуға аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бақтияр Оспанов, зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ отбасылық өмірдің мерейлі белесіне жеткен «Гауһар той» және «Алтын той» иелері қатысты.

Жиында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы институтын нығайтудың маңызына тоқталды.

«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Жаңақорған топырағы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады. Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғым. Оның берекесі мен тұрақтылығы – елдің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығының негізі. Сондықтан отбасы институтын нығайту, салт-дәстүріміз бен ұлттық тәрбиені дәріптеу – баршамызға ортақ міндет», – деді аудан басшысы.

Аудан бойынша бүгінде 103 «Батыр ана», 1039 «Алтын алқалы» және 2202 «Күміс алқалы» ана бар. Жыл басынан бері 164 жас отбасы шаңырақ көтеріп, 942 сәби дүниеге келген. Ал көпбалалы отбасылардың саны 4183-ді құрап отыр.

Көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие. Соңғы төрт жылда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 254 баспана табысталса, оның 101-і көпбалалы отбасыларға берілген. Биыл осы санаттағы азаматтарға арналған тағы 52 пәтердің құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ жиында ұзақ жылдар бойы жарасымды ғұмыр кешіп, отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан «Гауһар той» және «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетіліп, қаржылай сертификаттар табысталды.

Конференция барысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бақтияр Оспанов отбасы құндылықтарын нығайту мен қоғамдық сананы қалыптастыру мәселелерін сөз етті. Ал Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», білім саласының ардагері Үмбетәлі Әбибуллаев ұрпақ тәрбиесіндегі үлкендердің өнегесі мен отбасындағы сабақтастықтың маңызына тоқталды.

«Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова да ұлттық тәрбие, отбасындағы өнеге мен отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеудің маңызы жөнінде пікір білдірді.

Басқосуда көп жылғы отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан Сахиевтер отбасы да сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталып, өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.

Отбасы күніне арналған конференцияда отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланып, тағылымды ойлар ортаға салынды.

БӨЛІСУ