Қазалы ауданына Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов жұмыс сапарымен келді. Қазіргі таңда Сырдария өзені арқылы аудан аумағына секундына 185 текше метр су келіп түсуде. Алдағы күндері Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 250-300 текше метрге дейін су жіберіледі деп күтілуде. Бүгінде Ә.Тыныбаев атындағы су торабы арқылы Ақсай арнасына секундына 3, «Оң жаға» каналына 7, «Сол жаға» каналына 10 текше метр су бағытталуда. Жұмыс сапары барысында комитет төрағасы мен бассейндік инспекция басшысы аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Ә.Тыныбаев атындағы су торабына барып, Сырдария өзенінен келіп жатқан суды тиімді пайдалану, реттеу және ауыл шаруашылығы саласына бағыттау мәселелерін талқылады. Кездесуде аудан аумағындағы дарияаралық, шабындық каналдар мен көлдер жүйесіне су жеткізіп, оларды толықтыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұдан кейін аудан басшысы делегацияны Басықара ауылындағы «АралРыбторг» ЖШС-нің құны 650 млн теңгені құрайтын тауарлы балық өсіру тоғандарымен таныстырды. Өткен жылдың қазан айында шаруашылықтың балық өсіру тоғандарына 360 мың дана балық тұқымы жіберілген. Қазіргі таңда кәсіпорында тоғандардан балық жинауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Балық аулау және жинау жұмыстары қазан айында жүзеге асырылады. «АралРыбторг» ЖШС жетекшісі Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, биыл қазан айында тоғандардан 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – өсірілген балық көлемін арттырып, оны тауарлы өнім ретінде халық игілігіне ұсыну.