Бүгіннен бастап Қазақстанның ауыл мектептерінде білім берудің жаңа форматы басталды. Ұлттық жасанды интеллект білім беру платформасының пилоттық жобасына республика бойынша тек Павлодар және Қызылорда облыстарының 10 шағын жинақты мектебі қатысып отыр. Қызылорда облысынан Арал, Қазалы және Шиелі аудандарындағы бес мектептің жобаға енуі – Сыр өңірі үшін де маңызды жаңалық.
Бұл жобаның басты артықшылығы – ауыл баласының тұрғылықты жеріне байланысты сапалы білім алу мүмкіндігі шектелмеуі. Бұған дейін кейбір ауыл мектептерінде пән мұғалімдерінің тапшылығы немесе маманның бір пәнді терең оқыту мүмкіндігінің аздығы сезілсе, енді оқушы Астана қаласының жетекші педагогтері өткізетін сабақтарға тікелей онлайн қатыса алады.
Яғни ауылдағы бала үшін география енді білім алуға кедергі болмауы тиіс.
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, технология мен мұғалімнің мүмкіндігін біріктіреді. Астанадағы педагог білімді берсе, ауылдағы мұғалім оқушының оқу барысын үйлестіріп, түсінбеген тұсын толықтырып, күнделікті қолдау көрсетеді. Бұл – цифрлық технологияны адам еңбегімен ұштастыратын модель.
Әсіресе шағын жинақты мектептер үшін мұндай мүмкіндік өте маңызды. Себебі оқушы саны аз мектептерде барлық пән бойынша жоғары білікті мамандарды тұрақты қамтамасыз ету әрдайым оңай емес. Ал цифрлық платформа осы мәселені шешудің жаңа жолын ұсынады.
Ең бастысы – бұл жоба тек бүгінгі сабақ үшін емес, ауыл баласының ертеңгі мүмкіндігі үшін қажет. Сапалы білімге қолжетімділік артқан сайын оқушының ҰБТ-ға дайындығы, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі, заманауи технологияларды меңгеруі де күшейеді.
Ал жасанды интеллектіні білім беру процесіне ерте енгізудің тағы бір пайдасы – балаларды болашақтың еңбек нарығына дайындау. Себебі бүгінгі оқушы ертең технологияны тұтынушы ғана емес, оны қолдана алатын, жаңа шешімдер жасайтын маман болуы керек.
Қызылордадағы бес ауыл мектебінің осы жобаның алғашқы қатысушылары қатарында болуы – өңірдегі білім саласының цифрлық өзгерістерге дайын екенін көрсетеді.
Білім сапасын ауыл мен қалаға бөліп қарамайтын кезең келді. Ең маңыздысы – баланың қай жерде туғаны емес, оған қандай мүмкіндік берілгені. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық жасанды интеллект білім беру платформасы – ауыл мектебінің жаңа мүмкіндіктерге шығуына жол ашатын маңызды бастама.