Қазалы ауданында су айдындарындағы балық қорын сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Ақтан батыр ауылдық округі маңындағы қашыртқы каналынан 30 мың дана балық шабағы құтқарылды.
Мамандардың мәліметінше, құтқарылған шабақтардың шамамен 10 мыңы – табан, 20 мыңы – мөңке балығы.
Қашыртқы каналдары мен суару жүйелерінде қалған ұсақ балықтар су деңгейінің төмендеуі немесе каналдардың құрғауы салдарынан тіршілік ету ортасынан айырылуы мүмкін. Сондықтан мұндай шабақтарды қауіпсіз су айдындарына көшіру – балық қорын сақтаудың маңызды тәсілдерінің бірі. 
Құтқарылған шабақтардың бір бөлігі резервтегі Тұздыкөл көліне, сондай-ақ Сырдария өзеніне жіберілді. Осылайша мыңдаған шабақтың табиғи ортада өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасалды.
Шабақтарды құтқару жұмыстарына 8 адам мен 2 техника жұмылдырылды.
Бір қарағанда өте ұсақ көрінгенімен, әр шабақ – болашақтағы балық қорының бір бөлігі. Олар өсіп, көбейген сайын су айдындарындағы табиғи балық қорын толықтыруға үлес қосады. Сондықтан мұндай шаралар тек жекелеген балықтарды аман алып қалу емес, су экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды жұмыс. Мамандардың бұл жұмысы су биоресурстарын қорғау, табиғи су айдындарындағы балық қорын толықтыру және күріш алқаптарын игеру кезінде табиғатқа түсетін кері әсерді азайту мақсатында жүзеге асырылуда.