ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ – ШЫНШЫЛ СӨЗ БЕН АДАЛ ЕҢБЕК

Қызылордадағы Студенттер сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған өңірлік дөңгелек үстел өтті. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, заңгерлер, білім саласының мамандары мен белсенді жастар қатысты.

Өңірлік жиынды облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Дөңгелек үстел барысында Президент еңбегінде көтерілген қоғамдық-саяси, әлеуметтік, рухани-адамгершілік мәселелер мен ел дамуының стратегиялық бағыттары кеңінен сараланды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы «Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан, халықаралық саясат» тақырыбындағы баяндамасында еліміздегі жүйелі реформаларға, қоғамдық жауапкершілікке және экологиялық бастамаларға тоқталды. Оның пікірінше, әділетті қоғам қалыптастыру тек мемлекеттік институттардың жұмысына емес, әр азаматтың жауапкершілігі мен қоғамдық сана деңгейіне тікелей байланысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбай Байқадамов бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы білім мен ғылымның рөліне назар аударды. Сапалы білім, заманауи ғылым және тиімді мемлекеттік басқару – елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды тетіктері екені айтылды.

Ұлттық құндылықтар мен рухани сабақтастық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова «Тарих, мәдениет және руханият туралы пайымдар» тақырыбында сөз сөйлеп, тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту қажеттігін ортаға салды.

Ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Ақзада Мадалиева «Конституция және Заң мен Тәртіп» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық мемлекетті нығайту мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Қоғамда заңға құрмет қалыптастыру – тұрақты әрі әділетті мемлекеттің басты шарттарының бірі екені айтылды.

Жастар мәселесіне де айрықша мән берілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің философия докторы (PhD) Серікхан Жүзеев білім, еңбек, жауапкершілік және болашақ тақырыптарын қозғап, жас ұрпақты адал еңбекке, білімге ұмтылуға және ел алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

Жиын барысында әділеттілік, заң үстемдігі, ашықтық, адал еңбек және жауапкершілік секілді қағидаттардың қоғам өміріндегі орны жан-жақты талқыланды. Қатысушылар «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамдық санаға орнықтыру, ұлттық руханиятты дамыту, білім мен ғылымның беделін арттыру және жастарды еңбекқорлық пен отаншылдыққа тәрбиелеу бағытында өз ұсыныстарын білдірді.

Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты еңбегі – елдің бүгінгі тынысын ғана емес, қоғамның болашақ даму бағытын бағамдауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Сондықтан кітапта көтерілген мәселелерді талқылау – белгілі бір жиынмен шектелетін жұмыс емес, қоғамдағы құндылықтар мен азаматтық жауапкершілік туралы тұрақты пікірталастың жалғасы болуы тиіс.

Қызылордадағы дөңгелек үстел осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтарды қоғам өкілдерімен талқылап, ел болашағына қатысты ортақ ой қалыптастыруға мүмкіндік берген мазмұнды диалог алаңына айналды.

БӨЛІСУ