Жарнамадағы сауаттылық – тілге деген құрмет.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты облыстық байқаудың қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды. Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіндерін сауатты әрі талапқа сай рәсімдеуді насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының орындалуына назар аудару және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды ынталандыру. Марапаттау рәсімінде Қоғамдық даму басқармасының басшысы Р. Каюпов көрнекі ақпараттың қоғамдағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, көшелердегі маңдайша, жарнама және өзге де ақпараттық жазбалар – елдің мәдениеті мен тілге деген құрметінің көрінісі. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты, түсінікті әрі әсерлі болуы ғана емес, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес келуі де маңызды. Байқауға Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындары, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандардың иелері өз жұмыстарын ұсынып, мемлекеттік тілдің жарнама кеңістігіндегі қолданысына қатысты өз үлестерін көрсетті. Қатысушылардың жұмыстарының сапасы мен талаптарға сәйкестігін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов бастаған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы байқауға ұсынылған жұмыстардың деңгейіне тоқталып, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың тіл тазалығына деген жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын «Қазалы өндірістік цехы» кәсіпкерлік нысанының басшысы Р. Бөлекбаевқа, екінші орын Арал ауданынан қатысқан Н. Ақылбековаға, үшінші орын «Әділет» кәсіпкерлік нысанының басшысы Д. Ізбасарұлына берілді. Ал ынталандыру сыйлықтарына «Бауырдақ» және «Маракеш» отбасылық мейрамханалары ие болды. Жүлдегерлер басқарма басшысының Алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың облыстық кезеңінде үздік атанған Р. Бөлекбаев енді республикалық кезеңде Қызылорда облысының намысын қорғайтын болады. Жалпы, мұндай байқаулардың мәні тек үздіктерді анықтап, марапаттаумен шектелмейді. Кәсіпкерлік нысандардағы әрбір сауатты жазылған маңдайша мен жарнама – мемлекеттік тілдің күнделікті өмірдегі қолданысын арттыруға қосылған нақты үлес. Осы тұрғыдан алғанда, тіл тазалығына мән беру – жарнама берушінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.