Әлеуметтік нысандардың жылу маусымына әзірлігі пысықталды.
Күздің қамын жаздан ойлап, қысқы кезеңге алдын ала дайындалу – кез келген елді мекен үшін маңызды міндет. Әсіресе мектеп, балабақша, медициналық ұйымдар мен өзге де әлеуметтік нысандардың жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі тұрғындардың қауіпсіздігі мен қалыпты тұрмысын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Осыған байланысты аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге бірқатар елді мекендегі әлеуметтік нысандардың алдағы жылу маусымына дайындығын арнайы барып көрді. Аудан басшысы Тереңөзек кенті мен Іңкәрдария, Асқар Тоқмағанбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдарындағы әлеуметтік нысандардың қазандықтары мен жылу жүйелерінің техникалық жағдайын тексеріп, нысандардың қысқы кезеңге әзірлік деңгейіне назар аударды. Мұндай бақылаудың маңызы зор. Себебі жылу маусымы басталғаннан кейін туындайтын ақауларды жедел жоюға қарағанда, оларды алдын ала анықтап, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу әлдеқайда тиімді.
Әкім нысандардың техникалық жағдайын толық зерделеп, анықталған кемшіліктерді созбалаңға салмай жою қажеттігін атап өтті. «Алдағы жылу маусымын тұрақты әрі қауіпсіз өткізу үшін дайындық жұмыстары сапалы жүргізілуі қажет. Қазандықтар мен жылу жүйелерінің техникалық жағдайын толық тексеріп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою керек. Әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын толық қамтамасыз ету керекпіз», – деді аудан әкімі. Жылу жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі тек қазандықтың жағдайына ғана емес, отын қорының жеткіліктілігіне, инженерлік желілердің жарамдылығына және жауапты мамандардың әзірлігіне де байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір мәселені алдын ала шешу қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жұмыс қорытындысымен жауапты сала басшыларына анықталған кемшіліктерді жою және әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындық паспорттарын 1 қыркүйекке дейін алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік нысандардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауда болып, жылу маусымының белгіленген талаптарға сай өтуі қамтамасыз етілуі тиіс.