АҚБАЙДА ТОҒАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП ЖАТЫР

Арал десе, ең алдымен теңіз бен балық шаруашылығы ойға келеді. Бүгінде бұл өлкенің ауыл шаруашылығы жаңа бағыттармен толығып, кәсіп иелері заманауи технология мен инвестицияға бет бұрып келеді.
Бүгін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы Арал ауданындағы шаруашылық құрылымдарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Жиында «Ауыл аманаты», «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламаларының мүмкіндіктері түсіндіріліп, жеңілдетілген қаржыландырудың ауылдағы кәсіпті дамытуға берер мүмкіндігі сөз болды.

Сапар барысында нақты жобалардың нәтижесі де көрсетілді.
Солардың бірі – «Тоғыс Аралотын» ЖШС-нің балық шаруашылығын дамыту жобасы. Құны 685,3 млн теңге болатын жоба аясында 10 гектар аумақта, тереңдігі 8 метр болатын 10 тоған қазылып, бүгінде оған 50 мың шабақ және 2,5 млн дана ақ дөңмаңдай мен ақ амур дернәсілдері жіберілген.
Балықты тауарлық салмаққа жеткізуге шамамен екі жыл қажет. Ал келесі жылдан бастап өнім алуға мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде жоба 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Шаруашылық тек балықпен шектелмейді. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жүгері, бақша және көкөніс дақылдарын өсіріп, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға да ден қойған. Ал тағы бір ірі жоба – жүн мен теріні бастапқы өңдеу, қалдықтар мен кондициялық емес шикізатты құрама жемге қайта өңдеу зауыты. Жобаның құны – 1 млрд 295 млн теңге.
Қазір зауыттың төрт ғимаратының іргетасы қаланып, металл конструкцияларын құрастыру аяқталған. Яғни, бүгінгі құрылыс – ертеңгі өндірістің негізі.
Бұл жобалардың әрқайсысы – жай ғана инвестиция емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, жергілікті өнім, ауыл экономикасының жандануы және Аралдағы кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілуі.
Теңіз тартылғанымен, Аралдың тіршілігі тартылған жоқ. Керісінше, өңірде жаңа өндіріс орындары бой көтеріп, ауыл шаруашылығының жаңа мүмкіндіктері ашылуда.
Аралдың болашағы – еңбекте, өндірісте және осындай нақты жобаларда.

БӨЛІСУ