ЖАСӨСПІРІМ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Облыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен комиссия отырысында кеңінен талқыланды.

Жиынға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары мен сала мамандары қатысып, өңірдегі ахуалға жан-жақты талдау жасады. Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы, буллингпен күрес және NEET санатындағы жастарды қолдау мәселелері қаралды.

Қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, психологиялық қысым, әлеуметтік ортаға бейімделу мәселелері кешенді жұмысты талап етеді. Сондықтан мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, білім беру ұйымдары мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру маңызды.

Комиссия отырысында құқық бұзушылық фактілерін тіркеумен ғана шектелмей, оның туындау себептерін анықтауға басымдық беру қажеттігі айтылды. Әсіресе тәуекел тобына жататын балалармен және олардың отбасыларымен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру, психологиялық қолдау көрсету және бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелері назарға алынды.

Сондай-ақ, еңбекпен қамтылмаған және білім алмайтын жастарды қоғамдық өмірге тарту, олардың кәсіби бағдарын айқындау да маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Өйткені әлеуметтік ортадан шет қалу жастар арасында түрлі келеңсіз құбылыстардың туындауына әсер етуі мүмкін.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру міндеті жүктелді.

Жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ мақсаты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ғана балалардың құқықтарын қорғап, олардың толыққанды дамуына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ