СЕҢГІРТАМ – САҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ СЫРЫН САҚТАҒАН ҚАСИЕТТІ МЕКЕН

Сыр өңірі – адамзат өркениетінің көне іздері сақталған тарихи аймақтардың бірі. Бұл өңірде ежелгі дәуірлерден сыр шертетін археологиялық ескерткіштер көптеп кездеседі. Солардың қатарында Қармақшы ауданындағы Сеңгіртам ғұрыптық-жерлеу кешені ерекше орын алады. Ерте темір дәуіріне жататын бұл бірегей ескерткіш сақ тайпаларының тұрмыс-тіршілігі мен рухани дүниесін тануда маңызды дерек көзі саналады.

Қармақшы ауданы аумағында мемлекет қорғауына алынған 66 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Сол құнды мұралардың бірі саналатын Сеңгіртам кешені Тәйімбет Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 84 шақырым жерде орналасқан. Археологтардың пайымдауынша, кешен б.з.д. VIII–VII ғасырларда қалыптасқан.

Тарихшылар сақ дәуірін Ұлы дала өркениетінің маңызды кезеңдерінің бірі деп бағалайды. Бұл кезеңде Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрген тайпалар көшпелі мәдениетті дамытып қана қоймай, өзіндік діни наным-сенімдері мен жерлеу дәстүрлерін қалыптастырған. Сеңгіртамнан табылған археологиялық деректер сол дәуірдегі адамдардың отқа ерекше мән бергенін көрсетеді. От тазалықтың, рухани жаңарудың белгісі ретінде қабылданған. Сондықтан мәйітті өртеу немесе отқа қатысты рәсімдердің кездесуі ежелгі қоғамның дүниетанымынан хабар береді.

Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, Сыр өңіріндегі сақ тайпалары Арал маңындағы ірі мәдени орталықтардың қалыптасуына ықпал еткен. Осы кезеңде өңірде кейінгі ғасырларда гүлденген қалалық мәдениеттің негізі қаланды. Сеңгіртам, Шірік-Рабат, Бәбіш-Мола және Баланды сияқты ескерткіштер бір-бірімен тарихи тұрғыдан сабақтасып жатыр. Олар ежелгі Сыр бойында дамыған өркениеттің тұтас жүйесін құрайды.

Бүгінде Сеңгіртам ғұрыптық-жерлеу кешені тек археологиялық нысан ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды тарихи орындардың бірі саналады. Мұндай ескерткіштер жастардың туған жер тарихына қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді.

Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Сеңгіртам кешенін зерттеу, қорғау және көпшілікке таныстыру жұмыстары ұлт тарихын ұлықтаудың маңызды бөлігі болып қала береді.

Мыңжылдықтар қойнауынан жеткен Сеңгіртам – сақ өркениетінің үнсіз куәгері. Ол ата-бабаларымыздың бай рухани мұрасын бүгінгі ұрпақпен жалғап тұрған алтын көпір іспетті.

БӨЛІСУ