ЖАҒАЖАЙДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ МІНДЕТ

Жаз мезгілінде Қамбаш көлі жағалауына келушілер саны артып, өңірдегі ең танымал демалыс орындарының біріне айналады. Демалушылар легінің көбеюі қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын арттырады. Осыған байланысты аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Қамбаш көлінің жағалауында кәсіпкерлер мен демалушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға аудан әкімдігімен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және полиция бөлімінің өкілдері қатысып, тұрғындар мен кәсіпкерлерге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

Мамандар демалыс орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарында белгіленген талаптарды сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген аумақтарда шомылмау, санитариялық нормаларды орындау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.

Соңғы жылдары елімізде судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алып келеді. Сондықтан алдын алу шараларының маңызы зор. Мұндай түсіндіру жұмыстары азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да ықпал етеді.

Қамбаш көлі – халықтың сүйікті демалыс орны. Сондықтан жағажайдағы қауіпсіздік тек жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Демалысты қауіпсіз өткізу үшін белгіленген талаптарды сақтап, өз өміріміз бен жақындарымыздың амандығына жауапкершілікпен қарау қажет.

БӨЛІСУ