Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, ел мерейін асқақтататын маңызды сала. Соңғы жылдары ауданда бұқаралық спортты дамытуға, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және жас спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, туған жердің абыройын асқақтатып жүр.
Осыған орай бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындары аясында өткен облыстық іріктеу жарыстары мен республикалық додада жоғары нәтиже көрсеткен аудан спортшыларымен кездесті. Салтанатты қабылдауға жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, спорт саласының ардагерлері және сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі жарыстарда аудан намысын лайықты қорғап, үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға ризашылығын білдіріп, олардың жеңісі – аудан спортының дамуының айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және облыс басшылығының қолдауымен елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданымызда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы аудан орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Аққыр ауылдық округінде жаңа спорт кешені ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар аудандық орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізіліп, Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында жасанды жабынды футбол алаңы жаңартылды. Мұның барлығы аудан тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап отыр, – деді аудан әкімі.
Кездесуде аудан басшысы спортшылардың жетістіктеріне арнайы тоқталып, олардың табандылығы мен еңбекқорлығы жастарға үлгі екенін айтты.
– Аудан спортшылары әлемдік, республикалық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша ауданымыздың спортшылары үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірқатар жерлестеріміз Түркістан қаласында өткен республикалық кезеңде де аудан намысын абыроймен қорғады. Бұл – спортшыларымыздың ғана емес, жаттықтырушылардың, сала ардагерлерінің және ата-аналардың бірлескен еңбегінің жемісі. Баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Еліміздің Көк Туын көкке көтеріп, Әнұранын әлемдік ареналарда шырқатар чемпиондарымыз көбейе берсін, – деді Ардақ Ибраимов.
Айта кетейік, 17-21 мамыр аралығында өткен Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарына арналған облыстық іріктеу жарыстарында аудан спортшылары спорттың 11 түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, бес асық, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, гір спорты, үстел теннисі, қол күресі, баскетбол және шағын футбол бойынша бақ сынаған жерлестеріміз жоғары нәтижелер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте облыс бойынша ІІІ орынды иеленді.
Бұл аудан спортшыларының дайындық деңгейінің жоғары екенін және өңірдегі спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ұлттық спорт түрлерінен және күш қолданылатын спорт бағыттарында аудан құрамасы үздіктер қатарынан көрінді.
Сонымен қатар облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың бір бөлігі Түркістан қаласында өткен республикалық Халық ойындарына қатысып, аудан намысын лайықты қорғады. Солардың ішінде қазақ күресінен өнер көрсеткен жерлесіміз Берікұлы Әділбек ерекше жетістікке қол жеткізіп, жекелей есепте І орын иеленіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл аудан спорты тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі ретінде бағалануда.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын арнайы марапаттап, алғыс білдірді. Өз кезегінде спортшылар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылықтарын жеткізіп, алдағы жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге күш салатындарын айтты.
Жиында спорт саласының ардагерлері Мұрат Жаңабергенов пен Жанат Сейтенов сөз сөйлеп, аудан спортының қалыптасуы мен дамуына тоқталды. Ардагерлер бүгінгі жетістіктердің оңай келмегенін айтып, жас спортшыларға табандылық, еңбекқорлық және жеңіске деген жігер тіледі.
Бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда аудан бойынша 14 мыңға жуық тұрғын спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл аудан халқының 39 пайызын құрайды. Сонымен қатар тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 145 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Аталған салада 180-ге жуық маман еңбек етіп, жас спортшыларды тәрбиелеуге және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосуда.
Аудан спортшыларының бүгінгі жетістігі – спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаудың, жүйелі дайындықтың және қажырлы еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да аудан спорты жаңа белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете беретініне сенім мол.