Аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының барысы және елді мекендердегі санитарлық тазалық мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты мекеме басшылары қатысса, ауылдық округ әкімдері селекторлық режим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – көктем-жаз мезгілінде белсенділігі артатын кенелердің таралуына жол бермеу және қауіпті індеттердің алдын алу шараларын күшейту болды.
Мәжіліс барысында жауапты сала мамандары аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, кенеге қарсы өңдеу жүргізілген аумақтар, залалсыздандыру шараларының нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы мәлімет берді. Сондай-ақ тұрғындар арасында санитарлық мәдениетті қалыптастыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді. Ол кенеге қарсы өңдеу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс екенін айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар елді мекендердегі санитарлық тазалық мәселесі де кеңінен қаралды. Қора-жайлар мен мал ұстайтын орындардың тазалығы, тұрмыстық және мал қалдықтарын дер кезінде шығару, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді. Аудан басшысы әрбір ауылдық округте тазалық жұмыстарын тұрақты ұйымдастырып, санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Жиында мал қоралары мен аулаларды жүйелі түрде тазалау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу арқылы жұқпалы аурулардың алдын алуға болатыны ерекше назарға алынды. Бұл ретте ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, санитарлық мәдениетті арттыру бағытындағы шараларды үздіксіз ұйымдастыру тапсырылды.
Аудан әкімі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондықтан барлық жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдеріне жүктелген міндеттерді сапалы орындап, елді мекендердегі санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан көлемінде санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу және тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.