Қызылорда облысында соя өңдеу зауытына арналған алаң қарастырылуда.
Бүгін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік корпорациясы Yuwang Group компаниясының өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Делегация құрамында компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Лю Сицянь мырза болды.
Кездесудің басты мақсаты – Қызылорда облысында сояны терең өңдеу зауытына арналған қолайлы орынды анықтау.
Инвесторлар үшін ең тиімді нұсқа – индустриалды парктерде орналасқан дайын зауыт ғимараттары, ал екінші деңгейлі басымдық ретінде жаңа зауыт салуға немесе бұрынғы нысанды сатып алуға болатын бос жер учаскелері қарастырылуда.
Кездесу барысында тараптар сояны өсіру, жинау, қайта өңдеу және экспортқа шығару тізбегін қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады. Инвесторлар аймақтағы фермерлік шаруашылықтардың әлеуетіне қызығушылық танытып, қажетті техника мен агроқұралдармен қамтамасыз етуге дайын екендерін жеткізді.
Yuwang Group ұсынып отырған жоба екі кезеңнен тұрады:
А фазасы: жылына 60 мың тонна соя шроты, 20 мың тонна соя майы, 20 мың тонна мал азығы және 10 мың тонна соя протеинын өндіру.
B фазасы: соя протеинын 30 мың тоннаға жеткізіп, одан әртүрлі соя өнімдерін шығару.
Жалпы жоба бойынша 100 мың тонна соя өңделіп, 50 мың гектар егістік жер қажет етіледі.
Жалпы инвестиция көлемі – 250 млн АҚШ доллары.
1000-нан астам жұмыс орны ашылады.
Жобаны жүзеге асыру үшін келесі ақпараттар сұралды:
Қонақтар жерді пайдалану тәсілдері, жердің сапасы мен ауылшаруашылық техникасымен жабдықталу деңгейі, сондай-ақ тұқым, агрохимикаттар, техника және тыңайтқыштарды импорттау не отандық нарықтан сатып алу мүмкіндіктері, суаруға қатысты саясат пен тарифтер, аймақтың климаттық ерекшеліктері, фермерлермен әріптестік жасау тәжірибесі, отандық селекцияның даму деңгейі мен ГМО-сыз соя тұқымдарының қолжетімділігі туралы ақпаратты нақты білгісі келді.
Компания қазіргі таңда Қазақстанда толыққанды соя кластерін қалыптастыру үшін бірқатар кедергілер бар екенін атап өтті. Алайда еліміздің соя индустриясын тереңірек зерттеу арқылы болашақтағы инвестициялық жобалар мен ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашылуы әбден мүмкін.
Бұл бастама Қызылорда облысы үшін ауылшаруашылық кооперациясы мен шетелдік инвестициялар тарту саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Институт өз тарапынан барлық қажетті ақпараттар мен ұсыныстарды дайындап, жұмысшы топ құруға дайын екенін жеткізді.