ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛЕГІ – ДАМУДЫҢ БАҒДАРЫ

Бүгін Жаңақорған аудандық Оқушылар үйінде «Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттығына үміткерлер Руслан Рүстемұлы мен Ерлан Бердібаев және партия атынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер ұжым мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы басымдықтар талқыланды.
Руслан Рүстемұлы өз сөзінде өңір дамуы ең алдымен халықтың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және әрбір елді мекеннің даму мүмкіндігін арттыру – партия бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі.
Осы ретте ол «Өңірлер мықты болса – ел мықты» бағытына тоқталып, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыру, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін күшейту және мәслихаттардың рөлін кеңейту мәселелерінің маңызын жеткізді. Бұл бастамалар жергілікті жердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге және тұрғындардың ұсыныстарын нақты іске айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар үміткер партияның өңірлік бағдарламасында белгіленген нақты көрсеткіштерге тоқталды. Атап айтқанда, алдағы бес жылда облыста 4,7 миллион шаршы метр тұрғын үй салу, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға жеткізу, елді мекендерді газдандыру деңгейін 91,4 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұдан бөлек, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, интернет қолжетімділігін кеңейту және әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту міндеттері қамтылған.
«Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Әрбір ауыл тұрғыны сапалы ауызсуға, тұрақты электр қуатына, жақсы жолға және жылдам интернетке қол жеткізуі керек. Ауыл баласы да қаладағы құрдасымен бірдей мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сондықтан біз ұсынған бағдарламаның түпкі мақсаты – құрғақ көрсеткіштерге қол жеткізу ғана емес, сол өзгерістерді әр отбасының өмірінен сезіндіру», – деді Руслан Рүстемұлы.
Ал Ерлан Бердібаев өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, тұрақты экономикалық өсім халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі болуы тиіс. Осы мақсатта партия бағдарламасында өңдеу өнеркәсібінің көлемін 440 миллиард теңгеге жеткізу, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,5 пайызға арттыру міндеттері белгіленген. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, кәсіп бастауға қолдау көрсету, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және сапалы білім алуға мүмкіндік жасау маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді.
Жиын барысында мекеме қызметкерлері де өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Үміткерлер қойылған сауалдарға жауап беріп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында Руслан Рүстемұлы ұжым мүшелерін ел дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға шақырып, 29 қараша күні өтетін сайлауда «Әділет» партиясына дауыс беруге үндеді.
Тапсырыс беруші: Базартай Ж.Н
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

БӨЛІСУ