Жалағаш ауданы тұрғындарын не алаңдатады? Бірі баспана мәселесін көтерсе, енді бірі жолдың жайын, жұмыссыздықты, ауылға газ тарту мен тозығы жеткен электр желілерін сөз етті.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде және құқық қорғау органдары басшыларымен бірлескен жеке қабылдауында осындай өзекті мәселелер талқыланды.
Көтерілген сауалдар бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, өтініштердің орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
Ал кейбір мәселелер бойынша жұмыстар басталып та кеткен.
Мәселен, М.Шәменов атындағы елді мекен тұрғыны электр бағаналарын ауыстыру және жөндеу мәселесін көтерді. Бұл мақсатқа биыл аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. Нәтижесінде мердігер болып «Tech Service KZ» ЖШС анықталған.
Тағы бір маңызды мәселе – Қаракеткен мен Далдабай ауылдарын табиғи газға қосу. Жоба-сметалық құжаттары демеушілік қаражат есебінен әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 178,3 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсында «Сырэнергогазстрой» ЖШС жеңімпаз атанған. Ауыл тұрғындары үшін газ, жарық, жол – жай ғана инфрақұрылым емес, күнделікті тұрмыстың сапасына тікелей әсер ететін мәселелер. Сондықтан кездесуде айтылған әрбір өтініштің нақты іске айналуы маңызды.