Жалағаш ауданында «Алтын күз – 2026» мерекесіне орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі өтті.Бұл жолы аудан еңбеккерлері тұрғындарға мол өнім ұсынып, күзгі берекенің үлгісін көрсетті. Жәрмеңкеге кент пен барлық ауылдық округтен 60 автокөлікпен жалпы көлемі 188,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Сауда сөрелерінен ақ күріштен бастап, ет-сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, балық, бал, қымыз бен шұбатқа дейінгі сан түрлі өнімді кездестіруге болады. Сонымен қатар мал азығы да ұсынылды.
Басты ерекшелігі – өнімдер нарықтағы бағадан төмен бағамен сатылды. Бұл, әсіресе, қыс қамын жасап, азық-түлік қорын түгендеп жүрген тұрғындар үшін тиімді мүмкіндік болды.
Аудан әкімі Ерлан Төрәлиев жәрмеңкені аралап, сауда барысымен танысты. Тұрғындармен пікірлесіп, өнім сапасы мен бағаның қолжетімділігіне назар аударды.
Жалағаш диқандары мен ауыл еңбеккерлері үшін мұндай шара – маңдай термен өсірген өнімді ел игілігіне ұсынудың мүмкіндігі. Ал тұрғындар үшін – сапалы азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алудың тиімді жолы.