Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттап, жерлестерін алдағы Конституция, Отбасы күні мерекелерімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деді. 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні, 2014 жылдан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан, олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы өскен-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Конкурс қорытындысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында Сырдария ауданынан қатысқан Есекеевтер отбасы ІІІ орынды иеленсе, «Жігерлі отбасы» номинациясымен Шербатшаевтар отбасы марапат тұғырынан көрінді.

БӨЛІСУ