Партияның аудандық филиалының мәжіліс залында «Баланы мектепке даярлайық» республикалық акциясы өтті. Шараға аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар мен А.Ибрагимұлы және аудан бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Л.Мығымбаева қатысты. Акцияға аудандық партия филиалына қарасты барлық бастауыш партия ұйымдарынан өкілдер қатысып, мектепке қажетті сөмке және құрал-жабдықтар үлестірілді.
Шарадан соң аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып бірқатар бастауыш партия ұйымдарына барып, мектеп оқушыларына құрал-жабдықтарын табыстады.
Жалпы ауданда «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру бойынша аудан әкімдігімен іс-шара жоспары бекітіліп, ведомоствалық бағынылыстылығына қарамастан барлық мекемелерге жолданды. Акция барысында көмек алатын балалардың базасы жасақталды. Аудан бойынша 2164 оқушы міндетті оқу қоры есебінен бір реттік қаржылай көмек ретінде 43407 теңгеден 93932,7 мың теңге қаржы берілді. Аталған қаржы ата-аналардың есеп-шотына түсті.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігі есебінен 378 балаға 5115,0 мың теңге, «Аманат» партиясының жарнапұлы есебінен қайырымдылық көмек 50 балаға 500,0 мың теңге , аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ есебінен білім саласы қызметкерлерінің 80 (45 мектеп, 15 қосымша білім беру ұйымдары, 20 балабақша) баласына 1280,0 мың теңге, мектеп тарапынан 89 балаға 1105,0 мың теңге барлығы 101 932,7 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.Мектепке жол акциясы аясында көмек көрсету жалғасын табатын болады.