Бүгін аудандық мәслихаттың кезекті XХI сессиясы өтті. Оған аудан әкiмi Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, депутаттар, кент және ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Сессияда аудан әкімі 2024 жылы 6 айдың қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгенін айтты.

Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 51,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайызға өсті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға 37,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 66,5 пайызды құраса, 9500 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, құрылыс жұмыстарының көлемі 65,7 пайызға ұлғайды.

– Биылғы бірінші жартыжылдықта 16,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға артып отыр. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауданда құны 3 млрд. теңгені құрайтын 249 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
Есепті кезеңде аудан бойынша жол саласына қатысты 4 жобаға 888,6 млн. теңге қаржы бөлініп, 11,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстар жүргізілді.
Биыл Шаған ауылын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда тұрғын үйлерге электр желілерін қосу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл құны 485,9 млн. теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жобасы басталды.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 486,7 млн. теңгеге 9,8 шақырым ауыз су құбырлары жаңартылуда. Атап айтқанда, Тереңөзек кентіндегі 10 көше және Шаған ауылындағы 3 көшенің су құбырлары жаңартылды. Сондай-ақ, құны 80,5 млн. теңгені құрайтын Аманкелді ауылындағы 3 көшенің су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн. теңгеге Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осының аясында 15 көпқабатты тұрғын үй аулаларының жолдары асфальтталып, спорт алаңы, балалар ойын алаңы, демалыс орындары орнатылып, қолайлы жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 115 млн. теңгеге аудан орталығындағы «Тағзым» алаңы абаттандырылуда. Оған қоса, кентке кіреберісте «Жастар аллеясы» салынып жатыр. Оған аудандық бюджеттен 85 млн. теңге бөлінді.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Ауданды дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын назарда ұстап, облыс әкімінің қолдауымен жоспарлы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды Өздеріңізбен бірге жалғастыратын боламыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында биыл аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталатын болады.

Республикалық бюджеттен бөлінген 103 млн. теңгеге Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізілуде. Аймақ басшысының қолдауымен ауданға 6 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, тұрғындарға медициналық көмек көрсету жұмыстары жақсаруда.

2024 жылы Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты ауданда аймақ басшысының қолдауымен құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын салтанат сарайы, музей, архив, тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталығының құрылысы жүргізілуде.

Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына бірқатар мәселелер ұсынылып, шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ