Аудан әкімі Мажит Самитов аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, тарихымыздан сыр шертер құнды жәдігерлер мен тарихи деректермен танысты. Музей меңгерушісі А.Жанаева музей залдарына қойылған тақырыптық экспозициялар жайлы баяндады. Онан кейін аудандық архив мекемесінің ішкі мүмкіндіктерін аралап көріп, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің фойесіне қойылған көрмені тамашалап, мәдениет үйінің кіші мәжіліс залында бір топ мәдениет саласы қызметкерлерімен пікір алмасты. Келелі кездесудің негізгі мақсаты – мәдениет саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу, алдағы міндеттерді айқындау. Бас қосу барысында мәдениет саласы ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Набихан Тұрсынқожаұлы, А.Сопыбеков атындағы аудандық орталық кітапхана директоры Ә.Тлеубергенова және Бесарық бекеті ауылдық клубының директоры Ж.Сыздықовтар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі М.Самитов өз сөзінде ерекше қастерлейтін адами құндылықтар мен салт-дәстүріміз, мәдени мұраларымыз бен әдет-ғұрыптарымыздың дәл осы мәдениеттен бастау алатынын айта келе, Мемлекет басшысының мәдениет саласына қатысты Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда көтерген негізгі мәселелеріне тоқталып өтті.

«Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарының жұмысы мен түнгі кітапхана қызметін жандандыруды, халыққа көрсетілетін мәдени қызмет сапасын арттыра түсуді тапсырды. Басқосу жиынын қорытындылаған аудан әкімі Мажит Самитұлы мәдениет саласы қызметкерлеріне аудан мәдениеті мен өнерінің өркендеуі жолындағы еңбектері үшін шынайы алғысын жеткізе келе, аудандық мәдениет үйіне компьютер жабдығын сыйға тарту етті.

Мәдениетсіз – қоғам дамымайды, руханиятсыз өркениетті елдер қатарына қосылу мүмкін емес. Сондықтан да, мәдениет саласын дамыту – өзекті мәселелердің бірі болып қала берері сөзсіз. Мәдениетіміздің мерейі үстем бола бергей!

БӨЛІСУ