«Қауын пати»: Сырдың алты сорты сынға түсіп, үздік қауын анықталды.
Күздің берекелі шағы. Даладағы өнім жиналып, ақ дастарқанға қауын-қарбыз молынан қойылатын мезгіл. Ал Сыр өңірінде биыл бұл дәстүр өзгеше сипат алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттер мен қызметкерлер бас қосып, «Қауын пати» атты танымдық-мәдени шара өткізді.
Шараның ерекшелігі – мұнда қауын жай ғана дәм тататын өнім емес, зерттелетін, салыстырылатын, бағаланатын ауыл шаруашылығы дақылы ретінде таныстырылды. Негізгі мақсат – Сырдың бақша өнімдерін насихаттау, жастарға өңірдің аграрлық әлеуетін таныту және туған жердің дәстүрі мен еңбегіне деген қызығушылықты арттыру. Университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уалихан Ибраев шараға қатысып, осындай басқосулардың жастардың бір-бірімен араласуына ғана емес, туған өлкенің жетістігін танып, жергілікті өнімді бағалауына да ықпал ететінін атап өтті.
Алты қауын – алты дәм, алты ерекшелік. Басқосуда Сыр өңірінде өсірілетін Мырзашөл, Эфиопка, Саржау, Қара күләбі, Әміре және Пиель де Сапо сорттары таныстырылды. Әрқайсысының дәмі, сыртқы сипаты, өсірілу ерекшелігі мен жергілікті климатқа бейімділігі туралы «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов айтып берді.
Қызығы, бұл жолы соңғы сөзді мамандар ғана емес, шара қатысушылары да айтты. Студенттер мен қызметкерлер қауындардың дәмін татып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру қорытындысында «Пиель де Сапо» сорты өзгелерден озып, «Сыр қауындарының үздігі» атанды. 
Сырдың қауындары үшін мұндай байқаудың мәні де бөлек. Өйткені бақша дақылдары – өңірдің ауыл шаруашылығындағы ежелден қалыптасқан бағыттардың бірі. Қазір шаруалар дәстүрлі сорттармен қатар, шетелдік жаңа сұрыптарды сынап, жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Нидерланд, Қытай, Испания секілді елдерден әкелінген сорттарды жерсіндіру – өнім түрін көбейтіп қана қоймай, Сырдың аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін бағыттардың бірі. Бұл ретте сапалы тұқым шаруашылығын дамыту мен жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор.
Бір қарағанда, «Қауын пати» – көңілді күзгі шара. Алайда оның астарында маңызды мән бар. Жастардың туған жердің өнімін тануы, ауыл еңбегінің қадірін білуі, жергілікті өнімге қызығушылық танытуы – аграрлық өңірдің болашағы үшін қажет құндылықтар.
Ал биылғы «Сыр қауындарының үздігі» атағын иеленген «Пиель де Сапо» дәмімен дараланып, студенттердің көңілінен шықты. Сөйтіп, Сырдың тәтті өнімі тағы бір мәрте дастарқанның ғана емес, жастардың қызығушылығы мен танымының да төрінен орын алды.
